"13 миллион теңге пара алды" деп айыпталған шымкенттік экс-шенеунік ақталып шықты
Мұхтар Қоқанбаевты ақталып шықты
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевты ақтап шықты. Ол сот залынан босатылды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жоғары лауазымды шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат 2023 жылғы маусым айының соңында таралған еді. Кейіннен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қоқанбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Оған кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деп айып тағылған. Алайда кейіннен бұл бап ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі "Лауазымды өкілеттіктерді теріс пайдалану" деген санатқа ауыстырылды.
Мемлекеттік айыптаушы екі жылды ең төменгі режимдегі колонияда өтеуді сұраған еді. Ал бүгін 5 ай тергеуден кейін Мұхтар Қоқанбаев сот залында кінәсіз деп танылып, ақталып шықты.
"Мұхтар Қоқанбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша "кінәсіз" деп танылып, оның іс-әрекетінен қылмыстық құрам болмағанына байланысты ақталсын. Қоқанбаевтың ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгеннен кейін жойылсын".Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Талғат Қахаров
Мұхтар Қоқанбаев мемлекеттік қызметке қайта оралу мәселесіне қатысты әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты. Соттың шешімімен ақталып шыққан экс-шенеунік өзін осы уақыт аралығында қолдағандарға алғысын білдірді.
"Қобалжып тұрмын деп айтайын, қобалжудамын. Әрине, алдында айтып өткенімдей, мен жақын туыстарым мен достарымнан бөлек, сырттан өзім танымайтын адамдардың қолдауын естідім, көрдім. Бәріне осы сәтті пайдаланып, алғысымды айтқым келеді. Бәрі болашақтың еншісінде, уақыт көрсетеді. Не болатыны туралы ештеңе айта алмаймын".Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының экс-басшысы Мұхтар Қоқанбаев