Полицейлер "Қорғау" бағдарламасының көмегімен 500-ден астам борышкердің көлігін анықтады
Түркістанда 500-ден астам борышкер көлігі анықталды
Полицейлер "Қорғау" бағдарламасының көмегімен 500-ден астам борышкердің көлігін анықтады,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Түркістан облысының аумағында "Қорғау - қауіпті жүргізуші" бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарлама "Сергек" камералары арқылы тәртіп сақшыларына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бақылау жүргізуге көмектеседі.
Мәселен "Қорғау" мобильді қосымшасы республикалық маңызы бар жолдарда қызмет атқаратын Түркістан облысы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің планшеттері мен қала сыртындағы трассаларда орналасқан "Сергек" камераларына қосылған. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзушылар мен борышкерлерді анықтау бойынша жұмысты жеңілдетеді.
Мысалы Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығына "Қорғау" бағдарламасы арқылы "Мерседес Бенц" автокөлігіне дабыл келіп түсті. Онда көліктің 5 миллион теңгеге жуық қарызы бары көрсетілген. Кезекші дереу патрульдік полиция қызметкерлерін көлік құралын анықтауға және тиісті шаралар қабылдауға бағыттады. Тәртіп сақшылары аталған автокөлікті "Шымкент-Самара" тас жолында тоқтатып, айыптұраққа қойды. Автокөлік иесімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қарызды уақтылы төлеу қажеттігі ескертілді.
Жалпы полицейлер 6 ай ішінде "Қорғау" бағдарламасының көмегімен айыппұлын төлемеген жүргізушілердің 500-ден астам көлік құралын анықтап, айыптұраққа қойған.
Сондай-ақ 1230 әкімшілік хаттама толтырған. Өз кезегінде тәртіп сақшылары жүргізушілер мен облыс тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, автокөлік иелеріне салынған айыппұлдарды уақтылы төлеуге шақырады.
Айта кетейік, бағдарлама 10 минут ішінде екі рет жол ережесін бұзған немесе көлігіне жалған нөмір таққан, сондай-ақ айыппұлды төлемеген, сақтандыру, техникалық байқаудан өтпеген немесе іздеуде жүрген көліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе жол қозғалысы ережесін қасақана бұзатын көлік жүргізушілерін анықтауға арналған. Түркістан облысы полиция департаменті жолда абай болып, жол ережелерін сақтауға шақырады.