Түркістанда тұрғындардың цемент алатын ақшасын алаяқ алдап әкетіпті
Қазығұрт ауданының тұрғындарының 4 миллион теңгеге жуық ақшасын жаратып жіберген алаяқ ұсталды.
Тұрғындардан цемент алатын ақшасын жинап алып, 4 миллион теңгеге жуық ақшаны жаратып жіберген тұрғын ұсталды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяққа алданғаны туралы шағымданды. Ер адам арызында, таныс ер адам арзан «цемент алып беремін» деп алдап кеткен. Осы қызметі үшін 500.000 теңге ақшасын алған. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды уысына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Жедел-іздестіру нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталып, 28 жастағы жергілікті тұрғын жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті осындай жалған уәделер айтып, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 4 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 4 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, жалпы елде пәтер ұрлығы, басқа да ұрлықтар жайлы шағым аз емес. Ұрлықтан сақтану туралы ҚР ІІМ-нің өкілі Сағындық Жантеміров брифингте айтқан еді.
Сағындық Жантеміров, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
«Жеке мүлікті ұрлауда қылмыскерлер пәтерге кіру дағдылары мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар заманауи техника мен ұялы байланысты пайдаланады. Есік құлпын ашуға арнайы құралдарды қолданады»
Ішкі істер министрлігі үйіңізді қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтауды ұсынады. Мәселен, шыны брондау сияқты қызмет бар. Яғни, әйнекке бірнеше күннен кейін шыныға айналатын арнайы пленка жабыстырылады. Мұндай терезені таспен де, балғамен де сындыру мүмкін емес. Сондай-ақ Сағындық Жантеміров есіктің де сапалысын таңдау қажет екенін айтады.
Сағындық Жантеміров, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі
«Жақсы құлыптары бар есікті орнатыңыз. Тойтармалары бар құлыпты алыңыз. Кілт неғұрлым көп бұрылса, құлып соғұрлым сенімдірек болады. Пәтерде есіктің ашылмауы, есік пен есік жақтауы арасында бос орындар болмауы маңызды. Бірақ ұрылар көбінесе үйге есіктен емес терезелер арқылы кіреді. Олар пластик терезелерді ашып үлгереді. Қауіпсіздік тұрғысынан ең жақсысы – стационарлық торлар, оларды кесуге немесе жыртуға болмайды. Торлар 1-ші, 2-ші, 3-ші қабаттың тұрғындары үшін ғана қажет емес »
Әрі автономды GSM-дабыл жүйесін орнату арқылы да үйіңізді ұрылардан сақтай аласыз. Егер, сіздің үйіңізге әлдекім заңсыз басып кірсе, құрылғы көрсетілген телефон иесіне sms-хабарлама мен қоңырау жібереді. Осылайша бірден полиция қызметкерлерін шақыра аласыз. Сағындық Жантеміровтің сөзінше, еліміздегі жалпы ұрлықтың бестен бірі пәтер ұрлығы екен.
Сағындық Жантеміров, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
«Пәтер ұрлығы жалпы барлық ұрлықтың 20,5 пайызын құрайды. Келетін шығын шамалы болса да мүлік иесіне айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіреді. Азаматтардың қауіпсіздігі мен жағдайына кері әсер етеді. Пәтер ұрлығының салдарынан зардап шеккендерді ауыр жағдайға жеткізбеу маңызды міндет. Сондықтан осындай қылмыстардың алдын алуға және ашуға ішкі істер органдары ерекше көңіл бөледі»
Сондай-ақ, үйіңізде қомақты ақша мен әшекей бұйымдарды сақтамаңыз. Оларды арнайы сейф пен банктте сақтағаныңыз абзал.