Жаңалықтар

Түркістан: Дархан Сатыбалды Сауран ауданында «ауыл аманаты» жобасын жандандыруды тапсырды

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды.

Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына іссапарында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды newsroom.kz.

Бұл бағыттағы ізденістерді жалғастыруды, тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаны сапалы жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті өнім шығару керектігін айтты. Жергілікті әкімдік пен жауапты басқармаға жобаға қолдау көрсетуді тапсырды.

– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Аудан, ауыл әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы жобаның тиімділігін елге түсіндіріп, өз істерін бастауға қолдау көрсетіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Бүгінде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ - на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21 млрд. теңгені құрайтын 4 060 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 3690 жоба қаралып, жалпы соммасы 17,6 млрд. теңгені құрайтын 2954 жоба мақұлданды. 13,3 млрд. теңге көлеміндегі 2 236 жоба қаржыландырылды.

Ал Сауран ауданында 4 ауылдық округ таңдалған. Ауданда 260 жоба бойынша өтініш түскен. 1108,63 млн. теңге көлемінде 174 жоба мақұлданған.

Облыс аумағында жобаны іске асыру нәтижесінде, 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады және тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.

Өңір басшысы Сауран ауданы, Ескі Иқан елді мекенінде болды. Осында орналасқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде «Сауран сүт» сүт өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны – 400 млн. теңге. Мұнда жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдері шығады деп жоспарланған. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкерлер өнімдерін Түркістан және Қызылорда облыстарына өткізуді межелеп отыр.

Өңір басшысы Ескі Иқандағы М.Юлдашев атындағы спорт мектебінде болды. Жас спортшылармен кездесіп, үстел теннисін ойнады. Бүгінде аталған спорт мектебі жанынан 200 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Инвестор бұл жобаға 350 млн. теңге жұмсамақ.

Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Авиценна» емханасында болды. Жекеменшік емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқарлы. Медициналық орталық 100 адамды жұмыспен қамтиды. Заманауи орталық соңғы үлгідегі қондырғылармен қамтылған.

Аталған нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды ауылды өркендетуге үлес қосатын инвесторларға қолдау көрсетуді жалғастыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұстарын қолдану керектігін айтты. Аудан әкіміне елді мекендерді дамыту жөнінде тапсырма берді.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облы­сының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партия­сының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі