Дархан Сатыбалды кәсіпкерлік нысандарын аралады
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді.
Мемлекеттік қолдаудан бөлек, облыс басшысы жергілікті кәсіпкелермен жиі кездесіп, ашық диалог орнатып тұрады. Осы орайда, Дархан Сатыбалды Түркістандағы орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып келе жатқан өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жұмыс барысымен танысып, кәсіпке кедергі келтіретін факторларды талқылады, деп хабарлайды newsroom.kz.
Қолөнер бұйымдарына сұраныс көп, тұтынушы талғамы да артқан. Кәдесыйлар жасап шығаратын жергілікті кәсіпкерлер Түркістан қолөнерін дамытуға үлес қосып келеді. Мұнда жылына 1000 дана бұйым шығарылады. Кәсіпкерлер соңғы уақытта қазақи нақыштағы ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келе жатқанын, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуды жоспарлап жатқандарын тілге тиек етті. Кәсіпкер тек жастар арасында бұл кәсіппен айналысуға деген қызығушылық аз екенін айтты.
Дархан Сатыбалды өз үйінің ауласында кәсібін дөңгелетіп отырған түркістандықтармен кездесті. «Қанібекова» ЖК-гі темір және ағаш есік шығарумен айналысатын цех жылына 6000 дана есік жасап шығарады. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тапсырыс тұрақты түсіп отырады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Сауран» тұрғын үй алқабында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жауапты мамандармен кездесіп, тұрғындар өтінішіне құлақ аса отырып, бірлесе жұмыс істеуді міндеттеді.
Еске сала кетсек, «Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжатқа сәйкес, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 млн адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 40%-ға, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне бірінші басшылардың жауапты орынбасарларын белгілеуді, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі