Жаңалықтар

Тегіс жолдың үлесі артады

Шымкентте биыл 245 орталық магистрал және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Бүгінгі таңда оның ішінде, 172 көшеде құрылыс аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілген. Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.

 

–Жалпы, Шымкент қаласының дамуы жолында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Статистикаға сәйкес, Шымкент – автокөліктің көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осы мәселеге орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде, – Р.Ибрагимов.
Сонымен қатар, орталық жол жамылғысы тозған магистралды 31,1 шақырымды құрайтын 15 көше орташа жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, олар – Уәлиханов, Гагарин, Дулати, Қонаев, Тәуке хан, Қазыбек би, Желтоқсан, Назарбеков, Аймауытов, Қабанбай батыр, Анаров, Жансүгіров, Абай, Алпысбаев, Орынбаев көшелері. Қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Ал, Бәйдібек би - Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. Қазіргі таңда, жұмыстардың 93 пайызы орындалды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру мерзімі осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Өтегенов көшесінің жалғасын салу нысаны Шымсити шағын ауданынан Төлеметов көшесіне дейінгі аралықта, ұзындығы 2,2 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін, құрылыс нысанында жұмыстың 85 пайызы орындалыпты.

Жерасты өткелдері кептелісті азайтады

Қаладағы «Алаш», «Бекжан» базарлары маңында көлік ағыны жоғары әрі халық көп шоғырланған аумақ болып саналады. Осыған орай, биыл сауда орындары маңына А-2 автомобиль жолы мен Темірлан тас жолы бойымен 3 жер асты өткелінің құрылысы басталған. Қазіргі таңда, жерасты өткелінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Басқарма басшысының айтуынша, жыл соңына дейін «Алаш» базары маңындағы 2 жерасты өткелінің құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

709


– «Бекжан» базары маңындағы жерасты өткелі қараша айының соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жертөле «Алаш», «Бекжан» базарларының ажырамас бөлігі болады. Бұл жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен кептелісті азайту мақсатында іске асырылып отыр. Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын Оңтүстік айналма жолының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан қала аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін азайтуға және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Ташкент –Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, Шығыс айналма жолының құрылысы, Бәйдібек би даңғылынан кірме жол құрылысы, Қызылсай елді мекенінен кірме жол құрылысы, Интернациональная көшесіндегі көпірді күрделі жөндеу және Адырбеков көшесін реконструкциялау жұмыстары іске асырылуда. Жоғарыда аталған жобалар іске асырылған жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары болады, –деді Р.Ибрагимов.

«Қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылды»

Сондай-ақ басқарма басшысы көлік саласы бойынша 2020 жылы қалалық мәслихатпен Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілгенін, схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желісі әзірленгендігін атап өтті.
–Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі танда маршруттар толығымен қызмет көрсетуде. Қала аумағындағы сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандары мен тұрғын алабтары қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылды. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 77 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетуде, күнделікте маршруттарға 914 автобус шығады. Автобустардың саны резервпен қоса 1020 автобусты құрайды. Жеке меншік нысанындағы 11 компания жолаушыларды тасымалдау қызметімен айналысады. 2019 жылы 300 жаңа автобус, 2020 жылы 590 жаңа автобус сатып алынды, қазіргі уақыттта қоғамдық көліктердің барлығы қалалық тұрақты маршруттарда қызмет көрсетуде, – деді Р.Ибрагимов.

Қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес, магистральді көшелердің бірі Қазыбек би мен Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, асфальт жабындысы жаңартылып, жол және жаяу жүргіншілер жолақтары сызылды. Қазіргі таңда Дулати көшесінде аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр.
 
Таяуда Дулати мен Қазыбек би көшелерінде көлік құралдарының қозғалыс бағыттары өзгерген болатын. Басқарма басшысының орынбасары бұл өзгерістер қаланың орталығына, солтүстігіне шығатын көліктерге ыңғайлы жағдай жасау, кептелістердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
 
Сондай-ақ, қазіргі таңда Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2-ші кезеңінде жұмыстар жалғасын табуда. Құрылыс 2021 жылдың тамыз айында басталған еді. Мұндағы құрылыс белдеуіне түскен бизнес нысандары, жеке секторлар мемлекет мұқтажына толық алынған. БАҚ өкілдері 2-ші және 5-ші кезеңнің құрылыс барысын аралап көрді.
 
– Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. 1-ші, 3-ші, 4-ші кезеңде жұмыстар аяқталды. 2-ші, 5-ші және 6-шы кезеңде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы нысанды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда. Бесінші кезеңнің жалпы ұзындығы – 4,7 шақырым. Осы айда аталған жол Саттарханов көшесіне дейін көлік қозғалысына ашылады. Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы «Оңтүстік» айналма жолына қосылады, – дейді Өмір Сәметұлы.
 
Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 16 шақырым «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жоспарға сай атқарылуда. Бұл нысан Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол болып есептеледі. Жол құрылысы қала ішіндегі кептелісті азайту мақсатында қолға алынып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды.
Басқарма басшысының орынбасары нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беру жоспарда екенін мәлімдеді.