Жаңалықтар

Түркістан облысында жерді игерудің жаңа тәсілі енгізілді

Түркістан облысында мақтаны химиялық тыңайтқыштарсыз егу жобасы қолға алынды.

Өңірдегі агроөнеркәсіп саласын дамытуға арналған бастаманы  облыстық Кәсіпкерлер Палатасы жүзеге асырды. Мамандар Ордабасы ауданындағы мақта шаруашылығында өткен семинарда диқандарға жаңа жобаның ерекшелігін таныстырды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Пилоттық жоба Төрткүл ауылындағы шаруашылының егіс алқабында іске асырылып отыр. 

Жандос Жұмабек, тілші: - Тәжірибе ретінде мына 60 гектар аумаққа мақтаның Түркиялық сорты егілген. "Жер емем десең, жерге жақ" демекші, бұл жолы мамандар тұқымға емес, жерге мән бергендерін айтады. Мүлде химиялық тыңайтқыш қолданбаған. Есесіне агротехникалық жұмыстарды жүйелеп, топырақты емдейтін органиялық минералдар берген.

Нәтижесінде мақтаның бір түбі 70-80 қауашақ байлап, өнімділік 2-3 есеге артқан. Диқан осы уақытқа дейін мақта алқабына үш рет органикалық тыңайтқыш сепкен. Оған бар болғаны 20 мың теңге жұмсаған. Ал бұрын целитраның тоннасын 180 мың теңгеден сатып алатын.   

Мейірхан Батырбеков, шаруашылық басшысы: - Мысалы біз целитра берсек, соның 20-30 пайызын ғана дақыл алады екен де қалғаны жерде қалады екен. Органикалық тыңайтқыш сол жерде қалған зиянды қалдықты өңдеп, егіске сіңдіреді екен. Су жетіспейді ғой, суға төзімді. Сосын күн ыстықта үстіңгі шанақтары күйіп түсіп қалатын. Оны түсірмей бәрін бойында ұстап тұрады. Нәтижесінде өнімділігі анаған қарағанда жоғары береді екен.

Қазір шаруа мақтаның әр гектарынан 60 центнерге дейін өнім алуда. Бұрынғыға қарағанда шығыны азайып, мақтаның сапасы да артқан. Семинарда ғалымдар шаруаларға өнімділіктің жылдан-жылға төмендеп бара жатуының себебін түсіндірді. Олардың айтуынша, қазір жерді игеру мәдениеті төмендеп кеткен. Яғни, ауыспалы егіс жүйесі болмағандықтан топырақтың құнары азайып, егіс егуге жарамай қалды.    

Нұрлыбек Боранбаев, кәсіпкерлер палатасының орталық жетекшісі: - Ауыспалы егіс жүйесі сақталмағандықтан бір дақылды еге берудің арқасында дақылдың өнімділігі азайып кетті. Соны шешу мақсатында мен химиялық тыңайтқыштардан мүлдем бас тартып, органикалық негізге көшу болды мақсатымыз. Сол технологияны ұсынып, сол жүйемен осы мақта егілді. Біз оған органикалық тыңайтқыштарды қолдандық. Мақтаның өз зиянкестері бар, онымен күресуде де биогрганикалық жүйеде жұмыс жасадық. Біз химиядан мүлдем бас тарттық.

Мамандар мына мақтаның сапасы 3-4-ші санатқа жататынын айтады. Сондықтан оған сұраныс та жоғары. Әсіресе, тоқыма өнеркәсібі үшін таптырмайтын шикізат көзі. «Ал қазіргі шаруалардың өндіріп жатқаны 5-ші санаттағы мақта. Сондықтан оның бағасы да, сапасы төмен», - дейді мамандар. Содан ғалымдар жаңа жобаны тек мақта шаруашылығынада ғана емес, ауыл шаруашылығының басқа да салаларына енгізуді көздеп отыр.
 

Айта кетейік, мақта — Мақта шаруашылығының негізгі өнімі, халық шаруашылығының әр саласында түрлі мақсатта пайдаланылатын, құлқайырлар тұқымдасына жататын көпжылдық бағалы талшықты дақылдан жасалатын маңызды шикізат.

Мақта шаруашылығында мақтаны қол мен немесе машинамен жинайды. Жиналған мақтаны адамдар алып оны күнделікті қолданыста жүрген көрпе жастық, көрпешеге және т.б. заттарға қолданылады. Мақтаны көрпеге, көрпешеге, жастыққа салмастан бұрын, мақтаны шиттеп, шиті мен мақтасын бөлек алып, жоғарыда аталған заттарға салады. Мақтаны салмастан бұрын, оны арнайы машинаға салып, өңдеп алады.

Мақта талшығы ең алдымен мата тоқуға және жіп иіруге жұмсалады. Бір тонна шитті мақтадан 330-360 кг. талшық, 550-580 кг тұқым және 30-40 кг қысқа талшық алынады. Мақтаның ұзын талшықты сорттарынан әр түрлі маталар — бәтес, сәтен, маркизат тоқылады. Орташа есеппен алғанда, 1 тонна шитті мақтадан 3000 метр мата тоқуға болады. Киім тігу мен тұрмыс қажетін өтеудің сыртында соңғы кездерде химияның көмегімен оттан қорғайтын, су өткізбейтін, қышқылға төзімді материалдар, кирза және басқа да бұйымдар жасалады. Сонымен қатар мақта талшығынан автомобиль және авиация өнеркәсібі үшін техникалық маталар тоқылады.