Жаңалықтар

Сарыағаштық кәсіпкер Түркістанда сұлулық салонын ашқан

Бүгінде Сарыағаш қаласында өз кәсібін бастауға ниеттілердің қатары жыл санап көбейіп келе жатқаны қуантады.

Ал бұған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы түрлі тиімді бағдарламаларымен, жобаларымен жас кәсіпкерлердің мақсаттарына қанат бітіріп, армандарының жүзеге асуына септігін тигізіп жатқаны сөзсіз. Яғни «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарапайым халықты бизнес бастауға бейімдеп, тиісті білім беріп, нақты істі жүргізуге қол ұшын беруде. Ал жұмысты неден бастау қажеттігін ұғындыратын оқу курстарының тәй-тәй басқан жас маманға тіптен үйретері көп. Сөзіміздің тұздығы ретінде, Түркістан қаласы Жаңа қала шағын ауданынан өзінің «Рremium» атты сұлулық салонын ашып, кәсібін жүргізіп отырған Тобақабыл Айсұлу жайлы айта кетейік, деп хабарлайды newsroom.kz.

Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылының тумасы Айсұлу Мұратқызы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі, ең алғаш өз мамандығы бойынша Сот сараптама орталығына жұмысқа тұрады. Студенттік жылдары «Өз-өзіне визажист» шеберлік сағаттарын оқып, осы мамандыққа қызығушылығы басым бойжеткен өзін ерекше сәндеп, айналасындағы достары мен таныстарын да әдемі етіп бояндырып жүретін айдай сұлу Айсұлу визажистік өнерімен көзге түседі. Кейін тұрмыс құрып, егіз баланың анасы атанған Айсұлу бала күтімімен үйде отырады. Уақыт өте жолдасымен жұмыс бабы бойынша Түркістанға келеді.

«Түркістанға – жаңа ортаға келген соң жолдасыммен ақылдаса келе өзімнің сүйікті жұмысым – визажист болып, салон ашуға бет бұрдым. Осылайша бизнесті бастау жобасы, қайтарымсыз грант жайлы таныстардан естіп, жолдама алуға асықтым. Декреттік демалыста отырған кезім болатын, 2020 жылы жұмыссыз ретінде «Бастау бизнеске» тіркелдім, 21 күннен тұратын сабақтарды онлайн оқып, жобаға қатысты деген сертификатқа ие болдым. Алғашында жобамды қорғай алмадым, 2022 жылы екінші рет тапсырғанымда 1 225 000  теңге грантты ұтып, өз жобамды сәтті қорғап шықтым. Бұл қаражатқа сән салонына қажетті құрал-жабдықтарды, атап өтсем айна, үстел, кресло, шаштаразға арналған раковина т.б. көптеген заттарды сатып алып, ісімді бастадым».

Расында, хэйр стилистер, визажистер дәл қазіргі уақытта қоғамда сұранысқа ие әрі қалтасы қалың мамандықтар қатарында. Визажистік өнердің қыр-сырын толық меңгерген Айсұлудың сұлулық салонында бүгінде 2 визажист маман, 2 шаш стилисті, 2 маникюр маманы және шугаринг шеберлері тынбай жұмыс істеуде.

«Жеке кәсіп ашудан ешқандай қорықпадым. Себебі күннен күнге көркейіп жатқан қалада студент жастар да көп, көптеген мемлекеттік қызмет иелері де осында жұмыстарын бастап жатыр. Түркістан тойдың ортасы. Сұлулыққа қашан-да құштар әйелдер қауымы міндетті түрде сән салонына кірмей тұрмайды деген сенім болды. Мемлекет тарапынан көрсетілген каржылай әлеуметтік қолдаудың арқасында кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болдым. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп ашып, оны дұрыс жүргізу дағдыларына үйретті. Қарап отырсаңыздар сән әлемінде күнде бір жаңалық, бұл сала көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Жәй ғана шаш қырқып отырмайсың, шаш үлгілерінің, макияж түрлерінің адам жаңылысатындай сан түрі бар, уақытпен бірге жүру, өзіңді күн сайын жетілдіріп отыру қажет, өйтпесе клиентіңді жоғалтасың және бәсекелестер де арта түседі. Үздіксіз білім табыс көзі, тынымсыз еңбектің арқасында қазір айына 500 мыңнан астам табыс тауып отырмын».

Осылай деп ағынан жарылған Айсұлудың алғашқы қадамының оңынан болғанына әрі қуандық, әрі жалындаған жастың талабына тәнті болдық. Дегенмен қолдаудың да маңызы зор екені даусыз. Бизнес-жоспар жасау, оны дамыту, шағын кәсіпкерлікке бет бұру – тыңғылықты еңбек пен терең білімді қажет етеді. Отбасында асыл жар, екі баланың анасы, әрбір жұмысынан шабыттанатын, сұлу болып әрленген арулардан алғыс алатын Айсұлудың қазіргі беталысы жастарға үлгі боларлықтай екен. Ендеше сұлулық әлеміндегі нәзік өнеріңе сәттілік тілейміз!

Айта кетсек, кәсіпкерлер палатасынан кеңес алған азаматтар жобаны қаржыландыруда бірінші грант талаптарын сұрайды. Жақсы, бірінші 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз қаржының талаптары айтылды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өткен жылғы 7 ақпандағы бұйрығына сәйкес 400 айлық есептік көрсеткіш аясындағы гранттар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Атап айтқанда атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, көп балалы отбасы мүшелері, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар жұмысқа жарамды және мүмкіндігі шектеулі баланы асыраушылар қатыса алады. Ол үшін қатысушыда мерзімі 3 жылдан аспайтын «Бастау бизнес» оқуының сертификаты болуы міндетті. «Бастау бизнес» оқуына жазылу үшін business.enbek.kz порталында тіркелуі керек. Одан бөлек, порталдағы бизнес-жоба үлгісін жүктеп алып, толтырып, қайта порталға жүктеу қажет.