Жаңалықтар

Шымкентте комиссия отырысын еңбек министрлігінің бас сарапшысы бақылады

Тәуелсіз комиссия өкілдері бизнес-жобаның өміршеңдігі мен қоғамдық маңыздылығына қарай іріктейді.

Шымкентте жастарға арналған шағын несие беру бойынша кезекті комиссия отырысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Жадыра Оразбаева қатысты. Еңбек министрлігі өкілінің бақылауымен өткен жиында жеңілдетілген несие алуға үміткер 35 азамат өз жобаларын қорғады. Жастардың басым көпшілігі ауыр жүк көлік тасымалы, ірі қара мал бағу мен сауда-саттық дүкендерін ашу және қызмет көрсету бойынша идеяларын ұсынуда, деп хабарлайды newsroom.kz.

Аталған мемлекетік қолдау 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады.

Еңбек министрлігінің бас сарапшысы Шымкентке іс-сапары барысында сондай-ақ жастарға арналған жеңілдетілген несиенің көмегімен кәсіп ашқан азаматтардың жұмыс орындарын аралады. Жалпы, Шымкент қаласында биыл 261 азаматқа шағын несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен тапсырма шарты түзілген. Бүгінгі таңда 400-ге жуық құжат қаралып, 209 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 158 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін жүргізуде.

Шымкентте өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет. Мекен-жайы: Қонаев даңғылы, 3/3

Бизнесте әрі қарай қадамыңыз қандай болмақ?

✔ Сауатты бизнес-жоспар құрыңыз. Онда жобаны іске қосу және дамыту шығындары, барлық кірістер мен алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізу үшін жоспарлаған шаруаларыңызды түгел жазыңыз. Бұл – сіздің қаншалықты дамуға мүмкіндігіңіз бар екенін және шығындарыңыз кіріс боп қайтар уақытын бағалау үшін қажет.

✔ Шарттармен танысып, өзіңізге ыңғайлы бағдарлама таңдаңыз. Артық төлем мөлшері қанша, жоспарлы және мерзімінен бұрын өтеу шарттары қандай, төлем уақыты бұзылған жағдайда айыппұл қалай есептелетініне назар аударыңыз.

✔ Кепілдігіңіз дайын болсын. Қарыз алу үшін жылжымайтын мүлік, автомобиль, бағалы қағаздар немесе банктегі салым да көмектесе алады. Несие алу үшін кепіл ретінде ұсынатын мүлік өтімді болғаны маңызды.

✔ Қажетті құжаттарды жинап, қаржы ұйымына несие алуға өтінім беріңіз. Несиені мақұлдаған кезде несие шартына қол қоясыз және жобаңызды дамытуға қаражат саласыз.