Жаңалықтар

Түркістандық шаруа құмай дақылынан мол өнім алуды көздеп отыр

Мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен азамат зейнет жасына шыққан соң өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы «Агро кеңес беру орталығының» жетекшісі Нұрлыбек Боранбаев пен агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Бақытжан Құралбаев Шардара ауданы, Ақалтын елді мекеніне іс-сапармен барып, жеке кәсіпкер Бақыт Танагөзовтің егістік алқабында болды. Шаруа қожалығының иесі 20 га. жерге құмай (сорго) дақылын еккен, деп хабарлайды newsroom.kz.

Құмай өнімі ыстыққа және қуаңшылыққа өте төзімді. Демонстрациялық алаң ретінде Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округіндегі «Жәңгір» шаруа қожалығында 20 га. аумаққа жоңышқа мен бірге сорго дақылы егілді. Жүгері тектес дақыл қант өндірісіне қолданылады. Мал шаруашылығында төрт-түлікке таптырмас азық ретінде жоғары бағаланады,- деді Нұрлыбек Нұрманұлы.

Бүгінде шаруа бірінші жиын-терім науқанына кірісті. Егістік алқабына 3 рет орақ салып (комбайынмен), жиын-терімнен 30 тоннаға жуық өнім алу жоспарлануда. Қосымша 4 га. жерге асқабақ еккен. Кәсіпкер биылғы жылы мол табысқа қол жеткізуді көздеп отыр.

Айта кетсек, қонақ жүгері немесе Сорго (лат. Sorghum) – астық тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық Өсімдіктер тегі. Текті тропиктік, субтропиктік және қоңыржай аймақтарда өсетін 50-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда егіс алқаптары мен суармалы жерлерде өсетін 5 түрі бар. Жиі кездесетіні – Алеп құмайы. Өсімдіктердің биіктігі шамасы 1 – 1,5 метрдей, сыртқы түрі жүгеріге ұқсас, тамыры жақсы жетілген.

Жапырақтары ұзын, диаметрі 1 – 3 сантиметр.

Көп гүлді сыпыртқы гүлшоғырының биіктігі 60 сантиметрдей. Әрбір гүлі жарғақ тәрізді екі гүл қабыршағынан тұрады. Аталығы – үш, аналығы – біреу. Маусым – шілде айларында гүлдейді.

Жемісі – дән. Құмай – улы өсімдік, оның құрамында дуррин атты улы глюкозидсиниль қышқылы, сабағында крахмал мен қант бар. Емдік мақсатқа құмайдың көктем мен күзде жиналған сабағы мен тамыры пайдаланылады. Оның судағы тұнбасымен құяң, ревматизм және жүйке ауруларын емдейді. Ертеректе құмай өсімдігімен мерезді емдеген. Көк шалғынын мал жайылымы ретінде де пайдалануға болады. Гүлшоғырынан сыпыртқы жасайды, сондай-ақ, қызыл бояу және балауыз алынады. Сабаны қағаз жасауға, ши тоқуға пайдаланылады.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі