Алып кетпесеңдер: белгілі журналист жынды күйеуге шыдамауға шақырды
Шыңғыс Мұқан жынды күйеуге шықпаңдар деді
Бұл туралы newsroom.kz порталы хабарлайды.
ӘКЕ-ШЕШЕЛЕР МЕН АҒА-БАУЫРЛАР ҚЫЗДАРЫҢДЫ ҚОРЛАТПАҢДАР! - деп жазды танымал журналист және белгілі баспагер Шыңғыс Мұқан өзінің фейсбук парақшасында.
Біздің портал қазіргі күн тәртібінде күйіп тұрған отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбы болған соң аталмыш постты қаз-қалпында беруді жөн көрді.
Әйелдер отбасында зорлық көрмесе екен деп, шошындырған оқиғадан соң, бірнеше пост жазып едім, қыз-келіншектерден көп хат алып жатырмын.
Небір жаға ұстататын оқиғалар келіп жатыр.
Бір қыздың әпкесі жынды болып қалыпты. Күйеуі сабаған соң, төркініне келсе, жылылық көрсетуге тиіс жақындары “қайтып келген қыз жаман” деп үйінен қуған.
Жынды күйеуі миығынан күліп, жұдырықпен қарсы алған. Содан миы шайқалған. “Әпкем бұрынғыдай жарқылдап күліп жүрмейді, өзімен-өзі басқа әлемде жүргендей. Бұрынғы әпкемізді көргіміз келеді” деп жазыпты.
Тағы бір келіншек жынды күйеуінің жұдырығынан аман қалуы үшін әке-шешесімен қош айтысуға тура келген. “Қайтып келсең, бұдан-былай сендей қызымыз бар деп есептемейміз. Өмірімізден өшірдік” деген ғой.
Солай жағдай. Жағдай қиын. Қыздарыңды, тіпті заңды күйеуі болса да, бөтен үйдің еркегіне қорлатып қоймаңдар.
Алып кетіңдер.
Күйеу болу адамды соғуға, психологиялық қысым жасауға құқық бермейді. Қысым — бұл қылмыс.
Алып кетпесеңдер. Қыздарыңның табытын алып кетесіңдер! ,- деп жазды журналист.