Алматыда есірткі тасымалдаушы бір келі “синтетикамен” ұсталды

28 Ақпан, 2020 111 0

Алматы полициясы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бір килограмм психикалық белсенді заттары бар Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме беріп. 

Ақсай-4 шағын ауданындағы жалдамалы пәтерді қарау кезінде қызметкерлер қонақ бөлмесінен күлгін түсті ұнтақ салынған үш полиэтилен пакетті тауып, тәркілеген. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат салмағы бір килограмнан асатын синтетикалық есірткі болып шыққан. 

Анықталғандай, есірткі тасымалдаушы “жылдамдық” психобелсенді заттарына интернет арқылы тапсырыс беріп, оны алу үшін арнайы Ақтөбе қаласынан келген. Есірткі партиясын алғаннан кейін ол есірткіні қайта сату үшін Нұр-Сұлтан қаласына жеткізбек болған. 

Ұсталған азаматтың айтуынша, есірткіні сатып алу және елордаға тасымалдау үшін оны интернет арқылы белгісіз адам жалдаған. 

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Қазіргі уақытта тапсырыс берушіні, сондай-ақ біздің елімізге синтетикалық есірткінің келуін және Қазақстанда таралу арналарын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. 

Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау немесе есірткі заттарын адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде электрондық коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. “Қаңтар айында Мемлекет басшысының адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленген заң күшіне енді. Ол заңда ақпараттық-коммуникациялық ресурстар арқылы есірткіні өткізу және пайдалануға тарту, сондай-ақ олардың жарнамасы мен насихатталуы үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Бұл жағдайда ұсталушының мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін есірткі тасымалдаушыны ұстау арқылы есірткі заттары таралуының жолы кесілді”, – деп атап өтті ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Қанат Нұранов. 

Ағымдағы жылдың басынан бері полиция қызметкерлері 51 синтетикалық есірткінің жолын кесіп, заңсыз айналымнан 20,5 килограмм есірткі тәркіледі.


Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/almatyda-esirtki-tasymaldaushy-bir-keli-sintetikamen-ustaldy/

Тегтер: Есірткі, қылмыс, полиция

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.