Жаңалықтар

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында республикалық форум өтті

Облыстың тауарлы балық өсірушілерінің ұйымдастыруымен «Балыққа өмір сыйла» атты республикалық форум өтті.

Форумға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизов, Түркістан облысы табиғи ресрустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Алматы облысындағы «Балық мектеп» ЖШС-нің негізін қалаушы, балық шаруашылығы кәсіпкері Марлен Тұрсынәлі және балық шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген ірі шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер мен балық өсіруге қызығушылық танытқан 300-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Ермек Кенжеханұлы аталған форумның Түркістан облысында өтуі маңызды екенін атап өтіп, өңірдегі балық шаруашылығы мен ішкі туризмінің тұрақты дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз деді.

– Балық өсіру шаруашылықтарының экономикалық тиімділігін жоғарылату – бүгінгі күнде еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланып отыр. Түркістан облысының су айдындарының орналасуы мен климаттық жағдайлары балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңірлердің бірі болып саналады. Бүгінгі форум – еліміздің және облыстың балық өсіру саласының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз, – деген облыс әкімінің орынбасары бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне себепкер болған «Балық мектеп» ұжымына алғысын білдіріп, балық шаруашылығының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.

Шараның мақсаты – еліміздің балық шаруашылығын дамыту, осы бағытта жаңадан кәсіп бастаймын дегендерге ынталандыру, облыстағы әуесқойлық және спорттық мақсаттағы балық аулауды дамыту және Түлкібас ауданында орналасқан Састөбе көлін балықтандыру.

Іс-шара барысында балық шаруашылығы Ассоциациясын құру бойынша Қарар қабылданып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Ал Жаңадан құрылған «Қазахрыбхоз» Ассоциациясымен облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта тиісті басқарма мен аудан, қала әкімдіктері тарапынан саланы дамыту бағытында Ассоциациямен бірлесіп жұмыс атқару көзделуде.

Аталған шарада балық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынып, тәжірибе алмасты. Форум аясында балық аулаушылар сайысы тартысты өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Форумның қорытындысында Састөбе көлімен Шымкент қаласының аумағында орналасқан Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы балығының шабақтары жіберілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама аясында 2030 жылы облыста балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Биыл өңірде 6640 тонна тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде аталған жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республика бойынша көш басында. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Мәселен, акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Бұдан бөлек инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылғы жылға республикалық бюджеттен 226,2 млн. теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыста балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде, 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қолдау тапқан.

Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 84 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Жалпы тауарлы балық өсірумен 130-ға жуық кәсіпкерлік субъектісі айналысады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі