Түркістан облысында халықаралық кооперация орталығы құрылып, оған «индустриалды аймақ» статусы беріледі
Бүгін ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын (ХӨКО) құру бойынша жиналыс өтті.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров және осы жобаға қатысы бар басқарма басшыларының орынбасарлары қатысты. Онда Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына қажетті жер теліміне «Индустриалды аймақ» статусын беру мәселесі қаралды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Орталықтың мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстан арасында өнеркәсіп саласын дамыту, бәсекеге қабілеттілігі мен инновациялық белсенділігін арттыру және экспортты дамытуда қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету жолдарын бірлесе жүргізу. Экономикалық және инвестициялық байланыс нығайып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру үшін Мақтаарал ауданы, Атакент елді мекенінің «Атамекен» кеден бекеті маңынан жер телімін таңдады. Аталған жоба 2 кезеңнен тұрады. Жер телімінің жалпы көлемі 100 гектар аумақты құрайды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісім Өзбекстан тарапына жолданғанын айтып өтті.
Өңірде бұған дейін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын іске асыру бойынша жедел жұмыс тобы құрылып, отырысы ұйымдастырылған болатын. Сондағы хаттамалық тапсырмалардың іске асыру барысы туралы инвесторлармен сұхбат жүргізіліп, мәселелер қаралды. Алдағы аптада Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының тұжырымдамасын жасау жұмыстары басталады.
«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында мақта кластері, жеміс-жидекті терең өңдеу кәсіпорны, тамшылатып суару жүйесі және өзге де салаларға қатысты жобалар жүзеге асады деп күтіліп отыр.
Индустриалдық аймақтардың жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен және «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасымен белгіленген. Индустриалдық аймақ жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған және Қостанай облысындағы машина құрылысы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен конструкцияларының, ауылшаруашылық жабдықтарының өндірісі сияқты өнеркәсіптің басым салаларын дамытуға арналған. Инженерлік инфрақұрылымға электромен, газбен, сумен жабдықтау, су тарату, телефон байланысы, интернет кіреді.Индустриалдық аймақтың аумағында резиденттерге қолайлы жағдайлар жасау үшін әкімшілік орталық жұмыс істейді, оған кеңсе бөлігі, мәжіліс-залы, қонақ үй нөмірлері, сонымен қатар асхана кешені кіреді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі