Аймақтар

"Сыра патшасы" Т.Төлешовтың меншігінде болған ғимарат мемлекетке берілді

Шымкентте Тоқтар Төлешовтың ғимараты мемлекетке берілді

Шымкентте "Фосфоршылар" мәдени орталығының бос тұрған ғимараты коммуналдық меншікке беріледі. Бұған дейін нысан "Дархан Групп" ЖШС-нің жеке меншігінде болған, - деп хабарлайды newsroom.kz.

Бұл туралы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

"Шымкент қаласында бірнеше жылдан бері қараусыз бос тұрған "Фосфоршылар" мәдениет үйі бойынша жақсы жаңалығым бар. "Өздеріңіз білетіндей, бұл ғимарат "Дархан групп" серіктестігінің меншігіне жататын еді. Шымкент әкімдігі қалалық прокуратура мен мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен бірлесіп, мәдениет үйін қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау бойынша алгоритм әзірлеген болатын. 13 қарашада "Фосфоршылар" мәдениет үйін қаланың коммуналдық меншігіне қайтару бойынша келісімге қолжеткізілді", - делінген жазбада.

Ары қарай ғимаратты көпфункционалды Жастар сарайы ретінде қайта қалпына келтіру және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

"Фосфоршылар" сарайы қаланың ең көрікті жерлерінің біріне айналатынына және халық игілігіне қызмет ететініне сенімдімін", - деп жазды әкім.