Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа агенттік құрылады

Мәжіліс Экспорт-кредит агенттігі туралы заңды қабылдады

Бұл туралы newsroom.kz хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жалпы отырыстың екінші оқылымында Қазақстанның Экспорт-кредит агенттігін (ЭКА) құруға қатысты заң жобасын мақұлдады.

Бұл норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінде экспорт-кредит агенттігі мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу және шикізат емес тауарлардың экспортын дамыту туралы» заң жобасында қамтылған. 

Мәжілістегі талқы барысында депутаттар жобаға редакциялау және нақтылау сипатындағы бірқатар түзетуенгізді. Заң Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына қарауға жіберілді.

Айта кетейік, Заң «KazakhExport» экспортты сақтандыру компаниясы» АҚ («Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) базасында Экспорт-кредит агенттігінің арнайы құқықтық мәртебесін бекітуді, сондай-ақ шикізат емес экспортты қаржылай қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруді көздейді. Бұл бизнестің экспорт мүмкіндігінарттыруға және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады. 

ЭКА шикізат емес экспортты дамыту және ілгерілету бойынша ұлттық институт ретінде жұмыс істейтін деген болжам бар. KazakhExport компаниясы ЭКА мәртебесіне қол жеткізе отырып, өзінің қазіргі қолдау жобалары – сақтандыру және қайта сақтандыру, экспорт алдындағы және экспорт саудасын қаржыландыру шаралары бойынша мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар, экспорт операцияларына кепілдік беру және сауданы қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сияқты жаңа қолдау құралдары пайда болады. Мұның нәтижесінде шикізат емес экспорт бизнесінің нарықтағы үлесі артады.  

Атап айтқанда, экспорт операцияларына кепілдік беруарқылы қазақстандық экспорттаушыларға халықаралық тендерлерге қатысуға және қазақстандық тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің/жұмыстардың экспорт мүмкіндігіжоғары нарықта болуын қамтамасыз етеді. 

Одан бөлек, бұл құрал экспорт мәмілелері бойынша төлем міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде KazakhExport кепілдігін беру есебінен аванс төлемдерді алу кезінде импорттаушылардың қаражатын тартуды ынталандыратын болады. Бұл экспорттаушыға KazakhExport кепілдігін банкке жүгінбей-ақ алуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда кепіл табу мәселесі қарастырылмайды. 

Сауда-саттықты қаржыландыру мөлшерлемесін субсидиялау шеңберінде отандық жоғары технологиялық тауарлар/көрсетілетін қызметтер өндіретін компания қолдау табу үшін KazakhExport-қа жүгіне алады. Сонымен қатар, қазақстандық қаржы институттарының  шетелдік импорттаушыларды қаржыландыру мүмкіндігін пайдалануына болады. 

Мұның арқасында отандық тауарлардың сыртқы нарықтағы саудасы едәуір артады. Яғни, қазақстандық экспорт бизнесі жаңа белеске шығады. 

Бұл қазақстандық қаржы институттарына эмитент-банктердің міндеттемелерін орындамау қаупін сақтандыру, өнім желісі мен клиент базасын кеңейту мүмкіндігін береді.

Еске салайық, Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп отыр. Одан бөлек, 2023 жылғы 1 қыркүйекте Президент өз Жолдауында KazakhExport компаниясы экспортты дамытудың толыққанды институтына айналуы үшін қажетті құзырет берілуі тиіс екенін атап өткен еді.

Бүгінде KazakhExport экспорт-кредит агенттігінің функцияларын жүзеге асырады. Компания – шикізат емес экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор. KazakhExport Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы негізінде жұмыс істейді. 

Айта кетейік, «KazakhExport» ЭСК» АҚ – экспорт-кредит агенттігінің міндетін жүзеге асыратын және еліміздегі шикізат емес тауарларды экспорттауға жағдай жасайтын Біріңғай оператор. 01.10.2023 ж.KazakhExport жауапкершілігіне алғаны міндеттемелер көлемі – 53,5 миллиард теңге, 49 қазақстандық экспорттаушыға қолдау көрсетілді (20 - шағын, 14 - орта, 15 - ірі). 2022 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық өңдеуші сектордың экспорттаушыларын сақтандыру көлемі 259,1 миллиард теңгеге жетті. 444 шетелдік сатып алушылармен сауда қатынастарын ретке келтірген 80 экспорттаушыға (оның ішінде 21 жаңа экспорттаушыға) қолдау көрсетілді.

Қолдау көрсетілетін кәсіпорындар экономиканың тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия және басқа да маңызды салаларында жұмыс істейді. 

Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия, Түркия және т.б. елдер бар.