Қажылық қалай орындалады?
5 парыздың бірі - қажылық қалай орындалады?
Қажылық сөзі араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету», «жүздену» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы – белгіленген арнайы орынға белгіленген уақытта, белгіленген амалдарды орындау арқылы зиярат ету. Осынау маңызды амалдардың бірі қалай орындалады? Бұл туралы newsroom.kz порталының Мүфтиятқа сілтеме жасай отырып, дайындаған материалынан оқи аласыздар.
Мұндағы арнайы орын – Меккедегі әл-Харам мешіті, Арафат аймағы. Белгіленген уақыт – парыз тауабының уақыты Құрбан айт күнінің таңы атқаннан басталып, өмірінің соңына дейін жалғасса, Арафатта тұру болса зул-хижжа айының тоғызыншы күні түс ауғаннан бастап, Құрбан айт күнінің таңы атқанға дейін жалғасады. Белгіленген амалдар – қажылық ниетімен ихрамға кіру. Қажылықтың әр амалы үшін арнайы уақыттар белгіленген.
Қажылық – әрбір мұсылманның үлкен арманы. Жер бетінің қай түкпірінде жүрмесін, мұсылмандар қасиетті Қағбаны құрмет тұтады. Бұл ұлы сапар – Жаратқанның сүйікті құлдарына деген сыйы. Сондықтан қажылық парызын өтеуге келген әрбір мұсылман Алла Тағаланың қонағы саналады. Алланың құлына Алланың құрметті қонағы болудан артық қандай бақыт болуы мүмкін?!
Қажылық парызы нәсіп болған мұсылман құлшылығының Алла Тағала алдында қабыл болуын қалайды. Сондықтан қажылық ғибадатын орындауды ниет еткен әрбір мұсылман сапарға шықпас бұрын қателікке ұрынбауы үшін оның үкімдерін үйреніп алуы керек. Әр ғибадаттың өзіне тән үкімі, орындалу тәртібі болады. Осы орайда қажылық құлшылығы қалай орындалатынын қысқаша баяндап өтсек. Ескеріп кететін жайт, қажылықты үш жолмен өтеуге болады.
Біріншісі, ихрамға кірген кезде тек қажылыққа ниет етеді. Оны «ифрад» деп атайды. Ифрад қажылығын жасағандарға құрбан шалу уәжіп емес. Екіншісі, қажылыққа ұмраны қосып, бір ихраммен өтейді. Оны «қиран» деп атайды. Мұндай кезде екі ғибадатты қосып орындайды. Алдымен ұмраны орындайды, бірақ ихрамнан шықпайды. Содан кейін қажылықты өтейді. Қиран қажылығы кезінде құрбан шалу уәжіп. Үшіншісі, қажылыққа ұмраны қосып, бөлек-бөлек екі ихраммен өтейді. Оны «тәмәттуғ» деп атайды. Қажылықтың тәмәттуғ түрін орындайтын мұсылман қажылық айларында ұмра жасап, одан кейін ихрамнан шығады. Сосын қажылық мерзімі басталғанда, қайта ихрамға кіріп, қажылық амалдарын жасайды. Тәмәттуғ қажылығында да құрбандық шалу уәжіп.
Қазақстан қажыларының көпшілігі ұлы сапарда қажылықты өтеу үшін қажылықтың тәмәттуғ түріне ниет етеді. Сондықтан төменде қажылықтың тәмәттуғ түрі қалай орындалатынына тоқталсақ:
Ихрам – қажылық амалының ең алғашқысы.Ихрам дегеніміз – қажылық немесе ұмраға ниет етіп, тәлбия айту. Бұл амалды орындауға ниет еткен адамға бұдан бұрын адал болған кейбір істер мен нәрселерді істеу ихрамнан шыққанға дейін арам болады. Қажылыққа ниет етіп, тәлбия айту, намазға ниет етіп тәкбиратул-ифтитах айту сияқты. Намазға ниет етіп, тәкбиратул-ифтитахты айту арқылы намазға кірген секілді қажылыққа ниет етіп, тәлбия айтумен, қажылыққа кірген болып саналады. Алдымен екі ракағат нәпіл намазын оқиды. Намазын бітірген соң, қажылықтың қай түрін орындайтынына ниет етеді. «Уа, Алла! Мен қажылыққа ниет еттім. Дұрыс өтеуді жеңілдетіп қабыл ет!» – деп мына тәлбия дұғасын айтады: «Ләббәйкаллаһума ләббәйк! Ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниъматә ләкә уәл-мулк лә шәрикә ләк!».
Қажылықтың тәмәттуғ түрін орындайтын адам қажылық айларында миқаттан ұмраға ниет етіп, ихрам киіп, Меккеге кіріп, алдымен ұмра амалдарын атқарады. Яғни Қағбаны жеті рет тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында жеті рет сағи жасап, шашын қысқартып, не алып ұмраның ихрамынан шығады. Ихрам кезінде тыйым салынған тігісі бар киім кию, иіс су себу секілді амалдардың барлығын орындауына рұқсат етіледі. Бес уақыт намазын әл-Харамда оқып, Қағбаны тауап етеді. Сосын зул-хижжа айының сегізі күні харам жерінен ихрам киініп, қажылық амалдарын жасауды бастайды.
Қажылықтың екінші парызы – Арафатта тұру. Зул-хижжа айының сегізі, яғни таруия күні қажылықтың ихрамына кірген соң Минаға барып, сонда түнейді. Зул-хижжа айының тоғызы, яғни Арафат күні күн көтерілген соң Минадан шығып, Арафатқа барады. Арафатта тұру зул-хижжа айының тоғызыншы күні түс ауғаннан бастап, құрбан айттың таңы атқанға дейін жалғасады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық – Арафат», – деген. Барлық мәзһабтардың көзқарасы бойынша, кім Арафатта тұрудан кешіксе, ол қажылықтан кешіккен болып есептеледі. Арафатта тұрудың парызы аз ғана уақыт тұрумен орындалады. Ал күн батқанға дейін тұру – уәжіп. Арафаттан күн батпай тұрып кетіп қалса, уәжіп амал орындалмағаны үшін құрбандық шалуы керек. Алайда кімде-кім күн батудан бұрын шығып, күн батпай тұрып Арафатқа қайтып келсе және күн батқанша тұрса, құрбандық шалу мойнынан түседі.
Мұздалифада тұру. Мұздалифада тұрудың үкімі төрт мәзһаб бойынша – уәжіп. Зул-хижжа айының тоғызы күн батқан соң Арафаттан шығып, Мұздалифа жазығына барады. Ханафи мәзһабында Мұздалифада тұру уақыты таң атқаннан күн шыққанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында бір сәт тұрған адам Мұздалифада тұру уәжібін орындаған болып есептеледі. Егер еш себепсіз ол жерде тұрмаса, уәжіп амалды орындамағаны үшін құрбан шалады.
Шайтанға тас ату. Шайтанға тас ату да – қажылықтың уәжіп амалының бірі. Мұндағы мақсат – ноқат бұршағынан сәл ғана үлкендеу тастарды Мина жазығында орналасқан жамараттарға ату. Олар «жамаратул кубро» (үлкен жамарат), «жамаратул усто» (орта жамарат), «жамаратул суғро» (кіші жамарат) деген үш діңгектен тұрады. Құрбан айттың бірінші күні жамаратул ақабаға ғана жеті тас лақтырады. Бұл күні тас лақтыратын уақыт күн шыққанда басталып, келесі күнгі таң атқанға дейін жалғасады. Алайда сол күнгі зауал уақытына дейін лақтырып болу – сүннет. Еш себепсіз түнге қалдыру – мәкруһ. Тас лақтыруға шамасы жететін адамға өзі лақтыруы – уәжіп. Ал егер шамасы жетпесе, басқа біреуді өзінің атынан уәкіл етіп, тас лақтыруға жіберуіне болады. Алайда шамасы жетіп тұрып, басқа біреуді жіберсе, тас лақтыруды өзі қайта орындауы керек. Қайта орындамаса, кәффаратын өтейді.
Құрбан шалу. Тәмәттуғ немесе қиран қажылығын жасайтындар Ақаба жамаратына тас атып болғаннан кейін, құрбан шалады. Ифрад қажылығын жасайтындарға құрбандық шалу уәжіп емес.
Шаш алу. Тәмәттуғ немесе қиран қажылығын жасайтындар құрбан шалған соң шашын алып, ихрамнан шығады. Ал ифрад қажылығын жасайтындарға құрбан шалу уәжіп болмағандықтан, олар Ақаба жамаратына тас лақтырғаннан кейін шашын алып, ихрамнан шығады.
Қажылықтың үшінші парызы – тауап ифада. Уақыты және мүмкіндігі болса, сол күні Меккеге барып, парыз болып есептелетін ифада (зиярат, парыз) тауабы жасалады. Тауап дегеніміз – Қағбаны қара тас бұрышынан бастап, сағат тіліне қарама-қарсы бағытта жеті рет айналу. Тауап қара тастан басталады. Әр тауаптан соң екі ракағат намаз оқу Ханафи мәзһабында – уәжіп. Тауаптан соң бірден оқу – сүннет. Егер ұмытып немесе басқа себеппен оқи алмаса, кешіктіріп оқыса да болады. Ханафи мәзһабында тауаптың екі ракағаты мәкруһ уақытта оқылмайды. Мәкруһ уақыт аяқталған соң оқылады.
Парыз тауабы Құрбан айт күнінің таңы атқаннан басталып, өмірінің соңына дейін жалғасады. Алайда айт күндері орындау – уәжіп. Парыз тауабын зұл-хижжаның он екісі күні күн батқан соң жасаған жағдайда, имам Әбу Ханифаның пікірі бойынша, құрбан шалу керек. Тауап ету намаз секілді құлшылық болғандықтан, дәретпен орындау керек. Дәретсіз, ғұсылсыз тауап жасауға болмайды. Әйел адам етеккір және нифас кезінде тауап жасай алмайды. Дәретсіз өтеген жағдайда дәрет алып, қайта орындау керек. Қайта орындамаса, кәффаратын өтейді.
Сафа мен Мәруа арасында сағи жасау.Парыз тауапты орындаған соң Сафа мен Мәруа арасында сағи жасайды. Қажылық және ұмра кезінде Сафа мен Мәруа төбесінің арасында жүру «сағи» деп аталады. Жүруге шамасы жететін адам жаяу сағи жасауы – уәжіп. Ал науқас, қарт, әлсіз адамдарға арбаға отыруына рұқсат. Шамасы жетіп тұрып арбаға мініп айналса, сағиды қайта орындауы керек. Орындамаған жағдайда бір қой союы – уәжіп. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ханафи мәзһабында сағидың үкімі – уәжіп. Кім оны орындамай еліне қайтып кетсе, уәжіпті орындамағаны үшін қой шалуы міндет. Егер Меккеге қайту мүмкіндігі болса, қайтып келіп орындайды. Ол уақытта қой шалу мойнынан түседі. Өйткені Сафа мен Мәруа арасындағы сағиды кешіктіріп жасаған адамға ешнәрсе міндетті болмайды.
Ташриқтың алғашқы екі күні жамараттарға тас лақтыру. Ташриқтың алғашқы екі күні (зул-хижжа айының 11-12 күндері) үш жамаратқа тас лақтыру – уәжіп. Уақыты түс ауғаннан басталып, келесі күннің таң атқанына дейін жалғасады. Бірінші жәмаратул суғро, яғни кіші тасқа барып тас лақтырады. Сонан соң жамарәтул усто (орта тас), кейін жәмаратул кубро (үлкен тас) діңгектеріне тас лақтырады. Екі жамаратқа тас лақтырып болған соң оң жаққа қарай барып дұға етеді. Үлкен жамаратта тас лақтырып болған соң жүріп бара жатып дұға қылады. Әрбір жамаратта жеті майда тас лақтырады. Әрбір тасты лақтырғанда тәкбір, тәһлил айтады.
Қоштасу тауабы. Қоштасу тауабы – алыстан келген қажылар үшін Меккеде орындайтын ең соңғы амал. Бұл Меккемен, Қағбамен қоштасу болғандықтан, «қоштасу тауабы» немесе «садр тауабы» деп аталады. Бұл тауаптың үкімі – уәжіп. Қоштасу тауабын орындамай Меккеден шығып кетсе, қайтып келіп орындауы керек. Егер қайтып келіп орындамаса, бір қой союы – уәжіп. Осы қоштасу тауабын орындаумен қажылық амалдары аяқталады.
Алла Тағаладан баршамызға қажылыққа баруды және құлшылықтарымыздың қабыл болуын сұраймыз. Жасаған қажылығымыздың қабыл болып, оның сыйы жәннатқа кіруімізді Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!