Аталмыш шарада қандастар мәселесімен қоян-қолтын айналысатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бой көрсетпеген соң, newsroom.kz порталы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы» негізінде әзірленіп, бүкіл БАҚ біткеннің ақпарат алатын дереккөзіне айналған e-otinish.kz арқылы сұрауға салған болатын.
Портал редакциясы жолдаған сұраухатқа, «өкінішке орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты «Отандастар форумына» қатысу мүмкін болмады. Алайда бұл форумға Көші-қон комитетінің Этникалық көші-қон басқармасының басшысы – Дастан Айтқұлов қатысқандығын хабарлаймыз» - деген жауап алдық.
Германия, Израиль секілді әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен бірдей өз қандастарымызды дүниенің бар бұрышынан жинадық деп жиі айтамыз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қаншама қандасымызды ешкімге жалтақтамай елге жүк көліктерімен, ұшақтармен көшіріп алдық. Қазіргі кей деректер бойынша 7 млнға жуық қандасымыз сыртта жүрген көрінеді.
Геосаясат шиеленісіп, онсыз да аз қазақ көбейе алмай жүрген заманда, бір күнге ғана Астанада әзер жиналған қандастарымыздың мұң-мұқтажын тыңдауға не кедергі болды? Заман өзгерді ме, әлде біз өзгердік пе?