Жаңалықтар

“Атуға рұқсат ала алмай, әрең жүрген екен” Ж.Мәкіш киіктерді атудың зиянды жақтарын айтты

Жолымбет Мәкіш киіктердің артында бүтін жануарлар әлемі тұрғанын жазды

Белгілі журналист Жолымбет Мәкіш әлеуметтік желісінде киелі жануар киіктердің қоршаған ортаға керектігін жазды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

“Атуға рұқсат ала алмай, әрең жүрген екен ғой бұлар. Атуға рұқсат беріп еді, обал-сауапқа қарамай, ақбөкендерді қырып салыпты. Ішек-қарны шашылып жатыр далада! Обал-ай! Шаш ал десе, бас алатындары жаман да осылардың. Мұны бақылауға алып, қалай ату керек екенін, қанша ату керек екенін, кім ату керек екенін айтып түсіндірмесе болмайды.   Ақбөкендердің артында қаншама жан-жануардың әлемі тұр ғой! Киіктер жосып жүрген кезде топырақты қопсытып, жерді тыңайтады. Өсімдіктер әлемі өсіп-жетіледі солардың тұяғымен келген тұқымнан. Қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі, бүркіт сияқты жыртқыштарға жем болады өлексесі текке жатпай. Бір жылдары Америкадағы Иеллоустоун паркінде қасқыр құрып кетіпті. 1995 жылы Канададан он қасқыр алып келеді де, паркке қоя береді ғой. Ол жерде 70 жылдай қасқыр болмапты. Қасқыр болмағаннан кейін бұғы көбейіп, бір жылдары олар тіпті қаптап кетеді. Иелоустоундағы өсімдіктің бәрін жеп бітіріп, паркті қу тақырға айналдырып жібере жаздайды олар. Қасқыр келгенде парктің өмірі де өзгере бастапты. Олар бұғының біразын жеп қояды да, бұғы біткен парктің басқа жағына ауып кетеді. Бұғы кеткен жерге кейін шөп шығып, өсімдік қаулап тұрып өсіп, құстар қайтып келе бастайды. Кейбір жерде ағаш бес метрге дейін биік болып көктеп, көктерек пен ақтерек қаптап өседі де, бұғы ауып кеткен аудан біртіндеп орманға айналады. Құндыз көбейіп, ол да басқа жануарлардың өсіміне әсер етеді. Құндыз салған тоғанды кәмшат пен ондатра, үйрек пен балық келіп паналайды. Қасқыр келе салысымен шибөріні (койот) де біраз қырып жібереді. Шибөрі азайған соң қоян мен тышқан қаптапты. Қоян мен тышқан көбейген кезде – борсық, бүркіт, ақ тышқан (ласка), қаршыға мен түлкінің саны өсіпті. Бүркіт пен қарғалар қасқырдан қалған жемтікті жеп, әлгі жерді тазалап кетіп отырады. Қасқыр келісімен аюдың қарасы да көбейеді. Аю да кейде қасқырдың олжасына ортақтасатын. Аю жейтін жидек те қаулап шығады. Қасқыр келген кезде өзеннің ағысына дейін өзгеріп кетіпті. Орманды жердің ауқымы ұлғайғанда өзеннің жағасы да бұрынғыдай кеңеюін, ойылуын қойып, арнасына шым бітіп, бұралаңдап аға бастаған. Бір ғана итқұстың (қаcқырдың) өзі табиғаттағы қаншама тепе-теңдікті қалпына келтірген екен өстіп. Киік те дәл сондай керек жануар ғой!"- деді журналист жазбасында.