Солтүстік Қазақстанда шенеунік қызметтік көлікті соғып алған
СҚО, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары қызметтік көлікті заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған.
Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары қызметтік көлікті заңсыз пайдаланғаны үшін, сондай-ақ оны жарамсыз қылғаны үшін жауапқа тартылған. Бұл жөнінде newsroom.kz порталы хабарлайды inform.kz сілтеме жасап. Орын алған жағдайға байланысты әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік органдарға “өздеріне сеніп тапсырылған материалдық құндылықтарға жауапкершілікпен қарау” мәселесі бойынша мемлекеттік қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Ш.Қасеинова:
“Қызметтік көлікте жол-көлік оқиғасын тудырған аудан әкімінің орынбасары Баяхметовтың көлікті қызметтік емес мақсатта пайдалану фактісі анықталды. Мемлекеттік мүлікке жалпы сомасы 2,9 миллион теңге шығын келтірген. Мүлікті пайдалануға жарамсыз қылған Баяхметов қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Шал ақын ауданы әкімінің аппараты сотқа материалдық шығынды өтеу туралы талап арызбен жүгінді. Нәтижесінде көлікті қалпына келтіру туралы келісімге қол қойған. 2023 жылдың шілде айында шығарылған сот қаулысына сәйкес, Баяхметов 1 қарашаға дейін келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді”.