“Шәйнекпен басынан ұрған”
Түркістан облысында жұбайын қорлаған жанжалқор полицейге қарсылық көрсетті
Бұл туралы newsroom.kz порталы polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысының Сайрам аудандық полиция басқармасына Жетісай ауданының тұрғыны хабарласып, оның Сайрам ауданында тұратын әпкесін жұбайы қорлап, ұруға тырысқанын айтқан екен.
Тәртіп сақшылары заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдап және ер адамға ескерту жасаған көрінеді. Алайда жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қорлап, балағат сөздер айтқан.
Осыдан кейін ер адам шақыруға келген полицейге қарсылық көрсетіп, шәйнекпен басына соққы жасайды.
Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 380-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Осы баптың санкциялары төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жаза не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мән-жай анықталады.