Аймақтар

Атыраулық инженер - елдің “ең сұлу әйелі” атанды

36 жастағы атыраулық Аина Самигатова «Mrs. Globe Kazakhstan» байқауында жеңіске жетіп, «Mrs. Asia Globe-2023» атанды

Енді ол Қытайда өтетін ең сұлу әйелдер конкурсында Қазақстанның намысын қорғайды, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Халықаралық «Mrs. Globe Kazakhstan» байқауы елімізде осымен екінші рет өткізіліп отыр.
Мақсат – отбасы құндылықтарын насихаттау, әйелдердің шығармашылық және әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіру. Еліміздің ең сұлу әйелі атануға 25 пен 50 жас аралығындағы 17 үміткер талпынды. Атыраудан қатысқан инженер Аина Самигатова бас жүлдені жеңіп алды.

Айта кетейік, аталған байқаудың алғашқы кезеңі онлайн өтіп, үміткерлер өмірінің бір күнін көрсетуге тырысқан. Ал, ақтық сынға үміткерлер жарты жыл бойы дайындалған екен. Енді Аина байқаудың бас тәжі – «Миссис жер шарын» ұтып алған Айбара Ғазизбен бірге Қытайға аттанады. Дүниежүзілік сұлулық байқауы 10 наурыз күні Хайнань аралында өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 80 әйел қатысады деп күтілуде.