Жаңалықтар

Қазақстандықтар ипотека алу үшін пара беруге мәжбүр - депутат

""7-20-25" бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналып жатыр. "

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев қазақстандар ипотека алу үшін пара беруге мәжбүр екенін айтты, - деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап.

"Баспана мәселесі қазақстандықтардың бас ауруына айналып жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары мәселе күрт шиеленісті. Баспана мәселесін Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтердік. Үкімет тарапынан мардымды жауап болмады. Маған үнемі сырғытпа жауап келді. Бүгінде баспана нарығы тұралап тұр. Үй алудың барлық бағдарламасы тоқырауға ұшырады.

"7-20-25" бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналып жатыр. Бағдарлама арқылы үй алу үшін пара берушілер де көбеюде, ал жастар мәселесінің орны бөлек, - деді Дәулет Мұқаев.

Оның пікірінше, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаның маңызы артуда.

"Президент "Отбасы банктің" қызметін қайта қарауды, облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға басымдық беру керек деген еді. Өзгеріс қашан болады? Қашан халыққа тиімді қолжетімді бағдарлама іске қосылады? Бүгін "7-20-25"-ке лимит ашылды. 5 минутта бітті де қалды.

Оқырмандардан "Бұл не деген сұмдық" деген хаттар келіп жатыр. "Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады", "Менен 700 мың теңге сұрады" деп жазылған хаттар келіп жатыр. Бұл қашан тоқтайды?", - деді депутат.

Сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жауап берді.

"Мұндай үлкен мәселеге бірден жауап бере алмаймын. Бірақ бірнеше фактілерін сізге айтайын.

Мысалы, 2023 жылға мемлекет 10 мың пәтер берді. Оған 105 млрд теңге бөлінді. Келесі жылға жоспарларымыз бар. Екінші мәселе, Президенттің тапсырмасы бойынша өткен жылы жалға алуды жеңілдету үшін субсидиялау бағдарламасы іске асырылды. Тағы басқа бағдарлама бойынша мемлекет қаражат бөліп жатыр. Бірақ сіз өзіңіз білесіз, барлық халықты баспанамен қамту ету оңай емес. Егер сізде уақыт болса, сізбен бірге отырып, барлық бағдарламаны бірге қарайық, - деді министр.