"Аштық жариялаймын" Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта деп сес көрсетті ме?
Сегіз жылға бас бостандығынан айырылған Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір сот отырысы өтті
Бұған дейін сот залында өзін Гай Юлий Цезарьмен салыстырған Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл жолы да кезекті әуеніне басып жиналғандарды "аштық жариялаймын" деп қорқытты. Бұл туралы newsroom.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап, хабарлайды.
- Егер менің құқыма шек келтірсе, ресми түрде аштық жариялаймын. Олар не қаласа, оны қаласын!,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Дегенмен сот отырысының басталуынан аяқталуы тез болды. Себебі Мұхамедиұлының мүддесін қорғауға келген екі заңгердің бірі іспен толық таныспаған. Жаңа адвокат судьядан отырысты кейінгі шегеруді сұрап, оның өтініші қанағаттандырылды.
Еске сала кетейік, бір жылдан аса уақыт тергелген Арыстанбек Мұхамедиұлына сот өткен айда үкім шығарған. Судья экс-министрді сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Артынша, өткен айдың аяғында оған «Дипломат» қонақ үйін рейдерлік жолмен тартып алды деген қосымша айып тағылды. Куәгерлер экс-шенеуніктің жаға ұстатарлық небір қулық-сұмдығын жайып салғанымен, Мұхамедиұлының өзі «жала жауып отыр» деген сөзінен танар емес.