Щучинскде қаза тапқан студенттің анасы президенттен көмек сұрады
Марқұм Бодагов Романның анасы ұлын ұйымдасқан қылмыстық топ өлтіргеніне сенімді.
Осыған дейін, Щучинскде жұмбақ жағдайда қаза тапқан студент жөнінде жазған едік. Теміржол тасжолынан табылған студенттің анасы ұлының өліміне кінәлілер жазасын алмай қала ма деп қорқады. Бұл туралы newsroom.kz порталы “Тираж” парақшасында шыққан интервьюға сілтеме жасап хабарлайды.
“Мен қаза тапқан Бодагов Романның анасы Президент пен Ішкі істер министрлігіне үндеу жолдап, көмек сұраймын. Менің баламнан бірнеше рет күшпен қорқытып ақша алып отырған. Біздің қалада ұйымдасқан қылмыстық топ бар деп ойлаймын. Менің баламнан ақша алып, психологиялық қысым көрсетіп келген. Менің ойымша, бұл қылмыстық топтың басында Ахметов Адильхан мен оның достары тұр”- дейді студенттің анасы.
Қайғыдан қан жұтқан ананың айтуынша, 5 қазаннан 6 қазанға қараған түні ұлы үйден шығып кетіп, артынша теміржолдан өлі денесі табылған.
“Ұлымды қорқытып ақша алу барысында өлітрді деп ойлаймын. Әйтпесе, менің балам өте көңілді, өмірді сүйетін жан еді. Оның болашаққа көптеген жоспарлары болатын. Көптеген студенттер осындай жағдайға тап болып, ата-анасына айта алмай қиналып жүргенін білемін”- деп сөзін қайырды анасы.