Жаңалықтар

Астанада “Өз ағашыңды отырғыз” әлеуметтік акциясы өтті

“Өз ағашыңды отырғыз” әлеуметтік акциясы өткізілді

Астанада «Өз ағашынды отырғыз» әлеуметтік акциясы өтті, деп хабарлайды newsroom.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараны «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» мен Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы бірлесіп ұйымдастырды. Оған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және көпбалалы отбасылар қатысты. 

«Мұндай акцияның мақсаты – отбасыларды қоғамдық іске араластыру, балаларды еңбекке баулу, табиғатты құрметтеу, жауапкершілікті сезіну. Қазіргі еккен тал-шыбық, ертең жапырағы жайқалған ағаш, одан әрі көрікті орман болатыны белгілі. Осыдан бірнеше жыл өткен соң бұл ағаштардың саясын немере-шөберелеріміз көретін болады. Таза экология, таза қала мұның барлығы – жарқын болашағымыз үшін. Дана қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», деп ағаштың адамзатқа берер пайдасын ерекше атап өткен», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссиясының хатшысы Қарлығаш Саркенова.

Игі іске қатысушылар бір мезетте 70-ке жуық ағаш отырғызды. Жер бөліп, ағаш отырғызуға Сарыарқа ауданының әкімдігі қолдау көрсетті. 

Іс-шараның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардағы балаларды экологиялық тәрбие сіңіру. Сол арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, ортақ істе отбасының бірлігін арттыру. Сонымен қатар балаларды еңбекке баулу және де қоршаған орта мен табиғатты аялау әр адамның жауапкершілігі екенін сезіндіру.