Вандализмнен қалай қорғанамыз: Балаева жауап берді
Қоғамда вандализм фактілері болса, ол адамның білім деңгейінің төмендігі мен мәдениетсіздігінің көрсеткіші.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Балаева Аида Ғалымқызы «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау туралы» баспасөз конференциясында мәдени орындарды вандализмнан қорғау үшін министрлік қандай шараларды қолға алатының атап өтті, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Мемлекет басшысы биылғы жолдауында, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды деген маңызды мәселені атап өткен болатын.
Осы тұрғыда Аида Ғалымқызы тілшінің: «Мәдени орындарды вандализмнан қорғау үшін жаңадан құрылып отырған Мәдениет министрлігі қандай шараларды қолға алмақ?» сұрағына жауап берді.
"Біріншіден бұл жұмысты күшейтеміз. Ең алдымен қоғаммен жұмыс істеуді күшейтеміз, өйткені біздің ұлттық құндылықтар, отбасы құндылықтарын насихаттау ең алдымен отбасыдан басталады. Сондықтан жалпы қоғамнын барлық сатысымен жұмыс істейміз.
Оның ішінде кеше де мемлекет басшысы ұстаздар қауымына нақты міндеттерді қойды. Олар балаларымыздың тәрбиесіне және білім сапасына қатысты.
Қоғамда вандализм фактілері болса, ол ең бірінші адамның білім деңгейінің төмендігі мен мәдениетсіздігінің бір көрсеткіші. Сауатты, мәдениетті адам ешқашанда ондай іс-әрекетке бармайды.
Сондықтан, біз осы тұрғыда қоғаммен бірге қоян-қолтық жұмыс істеуіміз керек. Қоғамда осындай фактілер анықталып жатқанда, қоғам тарапынан оған мойынсымай, оған бой бермей, арнайы роликтер болсын, түсіндіру жұмыстары болсын және осы сияқты басқа да жұмыстарды жаңдандарып қолға алатын боламыз, - деп жауап берді министр.