Вальс билеп, гүл сыйлады: Д.Сатыбалды ұстаздарды құттықтады
Түркістанда ұстаздар құрметіне арналған салтанатты жиын өтті.
Шараға облыстың үздік деп танылған 300-ге жуық педагогы қатысты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, мұғалімдерді төл мерекелерімен құттықтады.
– Сіздерді Ұстаздар күнімен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласын дамытуды тапсырды. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Ұстаздардың айлық жалақысы тұрақты түрде өсуде. Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жою мақсатында облыста соңғы 12 жылда 2724 жас мұғалім «Дипломмен – ауылға» жобасымен жұмысқа орналасқан. Өңірімізде 1 020 мектепте – 515 мыңнан астам оқушы, 50 колледжде 40 мың студент білім алуда. Біз білім сапасын көтеру үшін кешенді жұмыстарды бастадық. Президенттің арнайы тапсырмасы бойынша облысымызда 63 жайлы мектептің құрылысы қолға алынды. Соңғы үлгіде салынатын осы мектептерде және өңірде білім сапасын жақсарту үшін облысымыздың 100-ге жуық мұғалімін Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға жіберуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар «Болашақ» стипендиясымен 50 мұғалімді шет елдерде арнайы тәжірибеден өткізу көзделген. Біз ұстаздар қауымын құрметтейміз және әрқашан қолдаймыз. Білім саласының өкілдері Әділетті Қазақстанның адал ұрпақтарын тәрбиелейді деп сенемін! Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, – деген Дархан Сатыбалды ұстаздарға құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында 2 ардагер ұстаз «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағымен, 6 ұстаз «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды, 21 үздік мұғалімге алғыс хат берілді. Сондай-ақ 80 ардагер ұстазға сыйлықтар тапсырылды. Ынталандыру ретінде үздік деп танылған ұстаздар қауымы 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. Ардагер ұстаздарға тұрмысқа қажетті техникалар табысталды.
Ардақты жандар ұлықталған мерекеде өңір басшысы ұстаздармен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады. Ардагер ұстаздар да құттықтау сөз сөйлеп, білім сапасын жақсарту жөнінде пікірлерін білдірді. Ізбасарларына сәттілік тіледі. Жиында ұстаздардың құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылды. Онда облыстың танымал өнерпаздары өнер көрсетті.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде білім саласына тұрақты түрде қолдау көрсетілуде. Облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының жалақысы жаңа оқу жылынан бастап 30%-ға артты. Аймақта білім ұяларының құрылысы тұрақты түрде жүріп жатыр. Облыста 85 мыңнан астам педагог шәкірттерге білім беруде.