Жаңалықтар

Салжанов Ferrari дизайнерін нағыз бәйгені көруге шақырды

Авто-дизайнер Фрэнк Стивенсонға «Аламан бәйге» картинасын сыйға тартты.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов әлемге әйгілі авто-дизайнер Фрэнк Стивенсонға «Аламан бәйге» картинасын Астанада өтіп жатқан VI Nobel Fest халықаралық фестивалінде сыйға тартты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Исламбек Салжанов сыйлық кездейсоқ таңдалмағаның атап өткен. Картина авторы – отандық суретші Ерлан Айтуаров.

«5 мың жыл бұрын ата-бабамыз, яғни көшпенді жылқы жануарын бірінші болып ерттеп мініп, бүкіл адамзат өркениетінде серпіліс жасады. Міне, осы сәттен бастап жылқы ең жылдам әрі негізгі көлік құралына айналды. Бұл – тарихтың бағытын өзгертті. Жылқыны алғаш қолға үйреткен – қазақ даласы. Сіз дизайнын жасаған Ferrari көлігінде ат бейнеленген эмблема бар. 
Сізге тарту еткен картинада Аламан бәйге бейнеленген. Ол – қазақтың ұлттық ат жарысы. Бірнеше мәрте чемпион болған Формула-1 сияқты темір тұлпар жарысының бастауында осы аламан бәйге тұр деп айтуға болады.
Сізді 2024 жылы қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырамын», - деп түйіндеді сөзін Исламбек Салжанов.

Фрэнк Стивенсон тарту етілген сыйлықты жоғары бағалайтындығын және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырғаны үшін алғысын білдірді.