Алматыда жол апатынан 1 адам қаза тауып, 6 адам ауруханаға түсті
Алматы облысында туристер мінген автобус жол апатына ұшырады
Алматы облысы Кеген ауданы Саты ауылында туристер толы автобус апатқа ұшырады. Салдарынан бір адам қаза тауып, алты адам түрлі дене жарақатын алды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Алматы облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 5 қазан күні сағат 14:40 шамасында Кеген ауданы Саты ауылы аумағында, «Қайыңды-Саты» таулы автожолының 9 -шы шақырымында орын алған. 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, 1997 жылғы жүргізушінің басқаруындағы «УАЗ» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға 6 адам жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автобус жүргізушісі Кеген ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Кеген ауданы полиция басқармасында тіркелді.