Ақмола облысында 25 тонна бидай ұрламақшы болған кімдер?
Бұланды ауданынан үлкен көлемде бидай ұрламақшы болғандар ұсталды.
Бұл туралы newsroom.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері үлкен көлемде астық ұрламақшы болғандардың жолын кескен. Бидай ұрланды деген хабарлама түскеннен кейін, басқарма қызметкерлері ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдайтын жүргізушілерден ілеспе құжаттарды тексеру барысында құжаттарсыз 25 тонна бидай тасымалдаған КАМАЗ автокөлігін ұстаған. Автокөлікті тексеру барысында құқық қорғау органдары 49 жастағы жүргізушіден тіркелмеген травматикалық қаруды анықтады.
Тексеріс барысында бидай ұрлаған жүргізушіні жергілікті ЖШС-нің бірінің 36 жастағы агрономы жалдаған болып шықты. Ал ЖШС директоры оның кәсіпорында не болып жатқанын, ұрлық жасалғанын білмеген.
Аталған фактілерге қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады. Сондай-ақ қаруды алып жүру фактісіне қатысты жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс басталды.