Аймақтар

Атырауда Әнұранды құрметтемеген әскери қызметкерге айыппұл салынды

Қазақстанның Әнұранын құрметтемеген Атыраулық әскери қызметкер 50 АЕК көлемінде айыппұл арқалады

16 қыркүйекте Атырау облысы Мақат ауданында "Зарница" әскери-спорттық ойыны басталарда Мемлекеттік Гимн орындалған көрінеді,- деп хабарлайды Newsroom.kz, atyraupress сайтына сілтеме жасап.

Сол уақытта бір әскери қызметкер оң қолын жүрек тұсына екі саусақпен қойып, Әнұранға құрматсіздік танытқан. Осыған байланысты, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталық облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкіміне ұсыныс жолдады.

Яғни, Әнұранға құрмет көрсетпеген азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы ("ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу") 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрапты.

"Е-Өтініш" жүйесіне тіркелген шағым полиция департаментінде қаралды. Кінәлі азамат анықталып, оған заңға сәйкес әкімшілік айппұл салынды, - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.

Осылайша, кінәлі тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 172 500 теңге айыппұл салынды. Егер оны бір апта ішінде төлеп үлгерсе, тек жартысын ғана өтейді. 

Бұдан бөлек, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының директоры Руслан Хамзаның айтуынша, осыған ұқсас жағдай осыдан төрт жыл бұрын да болған екен.

"Атырау қаласындағы "Шапағат" деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер арасында шағын футболдан ашық турнир өткен болатын. Жарыстың басында ҚР Әнұраны орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймаған, яғни, мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген еліміздің екі азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танылды. Оларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - дейді ол.