Түркістанда түркі халықтары этнодизайнерлерінің топтамалары таныстырылды
Түбі бір түркі халықтарын біріктіретін тарих пен мәдениет.
Соңғы жылдары этно стильдегі киімдерді насихаттау мен қолөнер бұйымдарын қолдану әлемдік деңгейде қалыптасып келеді.
Осы мақсатта Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Түркі әлемінің Этносәні» VI халықаралық фестивалі қорытындыланды. «Конгресс Холл» кешенінде өткен этносән апталығында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, Моңғолия, Татарстан, Тыва және Саха (Якутия) елдерінің салт-дәстүрін танытатын 14 дизайнерлік топтама таныстырылды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Екі күнге созылған фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен, «Qazaq Oner» ұлттық ассоциациясы, «Open Travel Advisory» ЖШС, Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы және «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бірлескен жобасы болды. Ерекше кешке этнодизайнерлер, қазақстандық қолөнершілер, суретшілер, креативті индустрия сарапшылары, қала тұрғындары мен қонақтары және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашып берген ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Түркістан төрінде жиналудағы мақсатты айқындады. Сондай-ақ ұйымға биыл 30 жыл толғанын атап өтті.
— Түркі мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін руханият өкілдері бір арнаға тоғысуы тиіс. Әр елдің тарихы мен болмысын бір-біріне көрсетуге үлес қосатын ол — қолөнершілер, дизайнерлер, әртістер, жалпы шығармашылық ұжымдары. Сондықтан осындай форматтағы жобаларды алдағы жылдары Түркі жұртының қасиетті мекені Түркістанда өткізуді дәстүрге айналдыруымыз керек. Бұл ретте идеямызды қолдаған Түркістан өңірінің әкімдігіне алғыс білдіреміз, — деді Сұлтан Әкімұлы.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жылы лебізін арнап, түркі әлемі үшін маңызды жаңалықтарды бөлісті.
— Киелі шаһарға қош келдіңіздер! Жуырда Түркістанға ерекше статус беру Заң жобасы қабылданады. Мұнан соң Түркістан шын мәнінде «Түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы» мәртебесін алады. Екінші жаңалығымыз — қазан айында түркітілдес елдердің мәдениет және туризм министрлері арнайы келіп, Түркістан қаласын 2024 жылы «Түркі әлемінің туристік астанасы» статусына ие болғалы отыр. Бүгінгі шарамызды осындай қуаныштың бастамасы ретінде қабылдауға толық негіз бар. ТҮРКСОЙ ұйымы, этнография саласының өкілдері, ісмерлер мен атсалысқан әрбір адамға ризашылығымды жеткіземін. Түркістан — ежелден шеберлердің қаласы. Өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен облыстың 5 жыл толуына байланысты жаңа деңгейге көтеру мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Сіздермен бірлесіп атқаруға дайынбыз. Өйткені біздің тіліміз, дініміз, салтымыз, көшпенділік тіпті сәндік ұқсастығымыз бар. Бүгін оны өздеріңіз дәлелдей білдіңіздер. Еңбектеріңіз жана берсін, — деді Бейсен Тәжібаев.
Этносән апталығының қатысушысы, Әзербайжан ұлттық киім орталығының жетекшісі Гулнара Халилова фестивальге қатысу ұсынысын қуана қабылдағанын айтады.
— Түркістанға екінші рет келуім. Алғаш рет 2018 жылы таныстым. Қалада өзгеріс көп екен. Қазір біз тұрған ғимаратта та ол кезде жоқ еді. Өте әдемі қалаға айналыпты. Дамуына тілектеспін. Түркістанға қазан айында сән саласы бойынша қайта ораламын. Тағы да топтамаларымды ел назарына ұсынамын. Дефилеге келсек, әрине аздап қобалжу болды. 20 жылдан астам уақыт осы іспен айналысқан соң, бірер кедергілер орын алып отырады. Дегенмен бәрін өткереміз. Ең бастысы — модельдердің уақытылы дайын болып, подиумды бос қалдырмауы. Ал бұл фестиваль бізді одан сайын жақындастырды, дейді әзербайжандық дизайнер.
Айта кетейік, этносән апталығы 20 қыркүйек күні Өзбекстанның Ферғана қаласында басталып, 25-26 қыркүйек Түркістан қаласында жалғасын тапты. Фестиваль аясында қазақстандық қолөнершілер жәрмеңкесі, суретшілер байқауы, жетіген шертуден мен дәстүрлі ән орындау бойынша білікті ұстаздардан шеберлік сағаттары өтті. «Сәндегі этникалық стильді дамыту перспективалары» тақырыбында дизайнерлер дөңгелек үстелде талқылау жүргізді. Әр елдің киім үлгісімен Түркістан қаласының көрікті жерлерінде фотосессия жасалды. Осылайша ауқымды жиын арқылы түркі халықтарының мәдени байланысы нығая түспек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі