"Бейсеннен осындай әлсіздік күтпедім": Санжар Керімбай Бейсен Құранбектің пенделігі туралы жария етті
NewsRoom
"Бейсеннен осындай әлсіздік күтпедім": Санжар Керімбай Бейсен Құранбектің пенделігі туралы жария етті
"Отбасы хрестоматиясы" жобасының авторы Санжар Керімбай танымалдылық адам табиғатын бұзбай қоймайтынын айтады. Бейсен Құранбекті де сол танымалдылық бұзыпты дейді ол желідегі жазбасында. Санжар Керімбай марқұмның бұл "жаман" қасиетін "Салт-дәстүр сөйлейді" атты кітабын сатып алғанда байқаған.
Санжар Керімбай Бейсеннің жақтаушылары көп екеніне қарамай өзіне жақпаған мына қылығын жұрт білуі керек деген ойда. Әңгіменің басы 2015 жылы "Салт-дәстүр сөйлейді" деген кітабы жарыққа шыққан кезде басталған.
"Жалпы ТВ саласында бес жыл істеген кезде-ақ эфирдің жақсы емес екенін әбден білгем. Танымалдық адам табиғатын бұзбай қоймайды. Эфирден жылтырап көрінген жұлдыздардың шындығында пенделік кем-кетікке толы жәй ғана көп жанның бірі екенін көпшілік біле бермейді.
"Айтуға оңай" да тура сондай бағдарлама. Рейтингісі өте жоғары. Бейсен - соның жұлдызы. Сол танымалдық баланы бұзыпты. Басқа, басқа бірақ дәл Бейсеннен осындай әлсіздік күтпеген едім. Телевизияның жаман жағы сол - адамның әлсіз тұсын жасырып, тек жақсы жағын ғана көрсетеді. Адамдар содан зардап шегеді. Негізі мен оның осы "нашар" қасиетін былтыр "Салт-дәстүр сөйлейді" кітабын сатып алғанда да байқағам.
Сол кезде айыбын бетіне басып, айтып-айтып тастайын деп тұрдым да "қой, ел силаған азамат қой" деп үнсіз қалғам. Бекер сөйтіппін. Сол кезде-ақ мәселенің басын ашып алу керек еді. Әлбетте, Бейсенді баласынан артық жақсы көретін адамдар өте-мөте көп. Бірақ, жақтаушылары көп екен деп шындықты айтпай отыра беру де дұрыс емес қой, солай ма? Құдай үшін маған: "Қазақтар сендерге не болды, желіде бір біріңнің айыптарыңды ашып? Өсетін елдің балалары бірін-бірі батыр деп қолдау керек. Қазақ десең өзіңе тиеді. Осыларға не жетпейді?" деген сыңайдағы ақылдарыңызды айтпай тұрып, әуелі мән-жайды біліп алсаңыздар жақсы болушы еді.
Егер мен оның пенделігін сынамасам, оны шынымен де атпал азамат деп танитын қазақтар адасқан үстіне адасып кете береді. Платон менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат дегендей, Ақиқат Бейсеннің беделінен жоғары тұруы керек, меніңше. Сонымен оқиға былай болды.
Бейсен маған "Сәке, Сияр мен Әлди аламын" деген. Мен келісім бойынша кездестім. Ол:
- 100 дана "Сияр", 100 дана "Әлди" аламын деді.
Мен:
- Оның бәрін не істейсің? -дедім.
- Сәке, сенің не шаруаң бар? Өзім білем ғой.
- Бейсеке, сіз бір өзіңіз 200 кітап алсаңыз басқа жұрт не оқиды?
- Сәке, мен сізге нақты есептессем болды емес пе?
- Сонда сіз басқа жұртты ойламайсыз ба? Әшейінде теледидарда елдің қамын жеп жүресіз ғой?
- Ол теледидар ғой. Бұл нақты өмір. Саудада достық жоқ деген. Мен кітап сатып алып жатқанда ескі достықты көлденең тартпаңыз!
- Мен басқа елге де кітап қалсын деп жатырмын.
- Мен сіздер сияқты көрінген адамға сата бермеймін. Мен машинама салып аламын да "әй, осы кітаптың қадіріне жететін адам-ау" деп көңілім сүйген кісіге немесе туысыма сыйға тартамын.
- Сонда не сізден басқаның танысы мен туысы жоқ па?
- Бар болса, бар шығар. Менің оларда не шаруам бар? Мен өз ағайын-туысым мен араласатын ортам туралы айтып отырмын.
- Ал, мен күллі қазақтың қамын жеп тұрмын.
- Сәке, күллі қазақтың қамын жеуді жақын ағайын-туыс пен таныс-тамырды қуантудан басталады, - деп маған мат қойды.
- Жарайды, сіздікі-ақ дұрыс делік. Бірақ, Бейсеке, айтпады демеңіз мен сіздің мына кітапқа тоймайтын "қомағайлығыңыз мен тойымсыз тәбетіңіз" туралы жақсылап тұрып пост жазам. Елдің алдында әшкере қыламын, - дедім.
- Сәке, ақ жол. Жазсаң жаза бер. Көр де тұр. Бәрібер елдің бәрі менің осы "нашар" қасиетімді қолдап, пікір жазады. Керек десең маған үн қосу үшін қос-қостан "Сияр" мен "Әлди" сатып алмаса маған кел, - деп одан сайын құтыра түспесі бар ма.
- Бопты, көреміз пост шыққан кезде, - деп кітап ақысын құнттап тұрып қалтама салып алдым да үйге қарай тайдым ғой.
Ал, Бейсеннің жақтаушылары не дейсіңдер осыған? Мен анау-мынау деп үгіттеп сіздерді өз жағыма тартпай-ақ қояйын. Бейсекеңдікі дұрыс па енді? Бүкіл кітапты жалғыз өзі артып алып Талдықорғанға әкетіп қалды. Тіпті, тегін таратам деп қояды. Телевизияның жаман жағы осы ғой. Бейсеннің осындай "нашар" қасиеті туралы мен постта ашып жазбасам ел одан бейхабар болып, "адасып" жүре берер еді" - дейді Санжар Керімбай.
Бір кездері журналист ретінде елге танылған Санжар Керімбай досының шарапатын көп көргенін айтады. Желіде естеліктерімен бөлісіп жүрген оған кітап жазатын ойыңыз бар ма дегенімізде:
"Кітап жазатындай қолымда материалдар жеткіліксіз. Бейсеннің досым ретінде шарапатын өте көп көрген соң, бір естелік жазуды өзім парызым деп санаймын. Бейсеннің бейнесі туралы көп адамдар естелік жазып жатыр. Соның бәрін жинап жүзіне немесе жылына арнау ретінде бір кітап етіп шығармақшы", - дейді ол. Дегенмен, Санжар Керімбай Бейсен досы туралы 20 беттік естеліктер жазып жатқанын айтты.
Ақпарат: Stan.kz порталынан