Әлем

Ресей олигархтарына салынған Батыс санкциялары жаппай жойылуы мүмкін

Еуропа кеңесі Президентінің кеңсесі санкциялық қара тізімге енген ресейлік олигархтан алғаш рет кешірім сұрады.

Былтыр Мәскеудің Украинаға кең ауқымды шапқыншылығы басталған соң, Еуропалық Одақ сол соғысты қаржылай және басқалай қолдаған ресейлік байларға және Путиннің режиміне жақын тұлғаларға қаптатып, әрі жанталаса санкциялар енгізді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Politico басылымының хабарлауынша, олардың дәйектемелік базалары, негіздемелері тым нашар, сапасы өте төмен болып шықты. Сондықтан олардың күшін жаппай жоюға тура келуі мүмкін.

Санкция салуға негіз болған құжаттар топтамаларының көпшілігі күмәнді дереккөздерге сүйеніпті. Оның ішінде Уикипедия электронды ашық энциклопедиясындағы мақалалар, тіпті кулинарлық рецептілер басатын журнал, интернет пен әлеуметтік желілердегі анонимді блогтар да пайдаланылған.

Оппозиционер Алексей Навальный құрған Коррупциямен күрес қорының (Фонд борьбы с коррупцией, ФБК) бұрынғы басшысы Леонид Волков Батыс санкцияларының енгізілуіне өздерінің де үлес қосқанын, соғысқа дем беруші тұлғаларға қатысты үлкен зерттеу жүргізгендерін айтқан болатын.

Соның негізінде "Тізім 6000" (Сыбайлас жемқорлар мен соғыс өртін тұтандырушылардың тізімі) жасалды. Қордың түсіндіруінше, оған кірген адамдардың әрекеттері ақыр соңында Украинаға қарсы соғыстың басталуына ықпал етті. Осы мақсатта орыс тілінде баламасы жоқ warenablers (соғысты ықтимал еткен құрал) термині ойлап табылды.

Тізімге коррупционерлер, күш құрылымдарының басшылары, саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар, жоғарғы және орта буындағы шенеуніктер, пропагандистер, соғысты ашықтан ашық жақтаушылар және басқалар кіріпті. Қордың мәліметінше, "Тізім 6000" әу бастан, дербес санкцияларды әзірлеуде Батыс саясаткерлеріне арналған бағдар ретінде ойластырылды. Оны зерттеген Еуроодақ билігі тізімнің жабық бөлімінде келтірілген дәйектемелерді персоналды санкциялар енгізу үшін жеткілікті деп таныды. ФБК өз тізіміндегі әрбір фигуранттың үстінен оның айыбын дәлелдейтін айғақтар пакетін жинайды.

2023 жылдың басында тізімге кірген тұлғалардың саны 7 мыңға жетіп қалған. Сол үшін Мәскеу Коррупциямен күрес қорын "иноагент" және Ресейде тыйым салынған экстремистік ұйым деп таныды. 

Тізімнің құпия пакетінде не бар? Ол санкцияларға қарсы шағымдарды қарайтын соттарда санкцияларға негіз болған дәйектемелердің жайрап қалмауына жарай ма? Ол жағы белгісіз.

Politico сол дәлелдердің бұлтартпас, тегеурінді, мықты болмауы үлкен проблемалар туындатуы мүмкін деген байламға келіпті.

Біріншіден, Еуроодақтың санкциялары ойыншық емес, ол – өте пәрменді, аса қауіпті құрал. Соның көмегімен РФ беделді тұлғаларының ондаған миллиард долларлық активі, капиталы, алып яхталары, виллалары, зауыт-кәсіпорындары, акциялары сияқты саналуан дүние-мүлкі бұғаттаулы тұр.

Еуропалық санкциялар екі мыңға жуық ресейліктің және олардың отбасы мүшелерінің дамыған елдердегі экономикалық өмірін шектеп, оқшаулап тастады. Сондықтан санкциялық тізімге енгізуге арналған дәйектемелер де барынша сапалы болғаны жөн.

Екіншіден, шын мәнінде соғыс отына май құйғандар, Кремлдің қанқұйлы саясатына тірек болып отырған олигархтар да бүгінде санкцияларды алып тастауды талап етіп, Батыста сотқа шағымдануда. Ал демократиялық елдерде сот билігі атқарушы биліктен, тіпті президенттерден тәуелсіз. Егер дәлел, айғақтар жеткіліксіз деп таныса, барлық санкцияның күшін жоя алады.

Биылғы қыркүйек айының басында Еуроодақ Ресейдің бес азаматынан дербес санкцияларды алып тастады. Бірақ олардың аты-жөнін ресми жарияламады.

Бұдан бұрын АҚШ "Открытие" ұйымының бақылаушы кеңесінің бұрынғы мүшелері Андрей Голиков пен Елена Титовадан, IBS негізін қалаушы Анатолий Карачинскийден, әнші пропагандист Григорий Лепстен және басқаларынан санкцияларын алып тастады.

Ұлыбритания бизнесмен Олег Тиньковты санкциядан босатты. Мұндай оқиғалар легі артып барады.

Өйткені Батыс елдерінің құзырлы органдары олардың соғысқа қатысын дәлелдей алмады. Кремль оған қатысты ақпаратты ұсынбайды, керісінше, санкциядан құтқару үшін өз жандайшаптарын барынша жасырып, дәйектемелерді жоюға күш салуда.

"Үстірт, асығыс құрылған досьелер Батыстың санкцияларын заңгерлік қорғаныс алдында осал ете түседі. Бұл тіпті Еуропа кеңесі Президенті кеңсесінің санкцияға іліккен ресейлік олигархтан кешірім сұрауына соқтырды. Еуропалық Одақ активтерін бұғаттау үшін пайдаланған құпия дәлелдер пакетінде орыс байы Вячеслав (Моше) Кантордың ұлты "орыс еврейі" деп көрсетілген. Тыңайтқыш өндірісінің ресейлік алпауыты "Акронды" басқарған 70 жасар миллиардер Кантор 2022 жылғы сәуірде санкцияға тап болды. Бұл ретте "орыс еврейі" деген айқындауыш кеңес заманындағы этникалық топтастырудың сарқыншағы саналады. Кантордың адвокаттары осыған жабысып, ғалымдарды жұмылдырып, мұны антисемитизм, ресми құжатта болмауға тиіс кемсіту деп санады. Содан Президент Шарль Мишелдің кабинеті Кантордан кешірім сұрауға мәжбүр болды", – деп жазады еуропалық Политико басылымы.

Дау тудырған бұл жағдай ЕО сарапшыларының дәйектемелік базаны жинауға селсоқ қарағанының мысалына айналды. Құжаттар топтамасында Кантор "Акронның" бенефициарлық қожайыны ретінде емес, акционері ретінде көрсетіліпті. Бұл адвокаттар өз пайдасына жарата алатын айырмашылық: ол тұлғаның компанияны бақылаудағы белсенділігі мен ықпал ету деңгейін білдіреді.

Қалай болғанда, Кантор Владимир Путинмен дос екенін, оны қолдайтынын, Кремлмен жақсы қатынаста екенін ақпарат құралдары арқылы ашық мәлімдеді. Бірақ оның соғысты қаржыландырғанын дәлелдеу күрделі. Ол құпияны Мәскеу бөліспейді. В.Кантор өзіне салынған санкцияға қарсы Еуропалық Одақ сотының бөлімшесіне, Люксембург бас сотына шағым түсірді. Жеңіп шығуы ықтимал.

Politico Еуропа кеңесі РФ шенеуніктеріне, ірі бизнес өкілдеріне және олардың отбасыларына санкция енгізуде пайдаланған 5 жұмыс құжатын қолға түсіріпті. Олардың бәріне "LIMITE" визасы басылған, яғни шенеуніктерге оны жариялап, қоғаммен бөлісуге тыйым салынады.

Құжаттар санкциялардың құқықтық негіздеріне жалпы сипаттамадан, негіздемелердің қысқаша мазмұнынан, адамның өмірбаянынан тұрады. Содан соң айыпты растайтын дәйектемелер келтіріледі.

"Құжат құпия деп белгіленгенімен, ондағы дәлелдер құпия саналмайды. Мысалы, Financial Times, Reuters мақалаларына сілтеме жасайды. Ресейлік, украиналық ақпарат көздерінің жарияланымдарын машиналық тәржімалап, бере салған. Бір тұсында кулинариялық рецепттер басатын журналға сүйенген: салмақты журналистикаға жатпайтын бұл басылым РФ билігімен байланысты тұлғалардың сәнді, салтанатты өмірін сипаттаған. Анықтамалық материал қызметін Forbes, Уикипедия мақалалары атқарады. Барлық дәлелі осы болса, онда олары сот талқылауларында шашылып қалуы мүмкін", – деп ескертеді Политико.

Peters&Peters заңгерлік фирмасының адвокаты Майкл О'Кейн еуропалық бюрократтардың өз ісіне тым салғырт қарайтынын сынады.

"Мысалы, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі санкция салу мәселесіне мұқият қарайды және санкция қолдануда сенім артуға болатын дереккөздерге сүйенеді. Еуроодақ болса, құжаттарына әлеуметтік желідегі посттарға, блогтардағы хабарламаларға сілтемені қоса салуға бейім тұрады. Немесе оппозициялық қайраткерлер ұсынған мәліметтерге сене салады. Оның орнына әрбір ақпарат тыңғылықты тексерілуге тиіс", - деді Майкл О'Кейн (Michael O’Kane).

Қынжылтатыны сол, ЕО санкциялары туралы шешімнің бейберекет, жүйесіз қабылданғаны әшкере болып қалды. Енді ресейліктер жаппай сотқа беріп, жеңіп шықпауы үшін еуробюрократтар қарап отырмай, қосымша дәлелдер іздей бастаса жөн.

Әйтпесе, Еуропаның санкциялары сотсыз-ақ жойылуы мүмкін екен. Еуропалық сыртқы істер қызметі (EEAS) жылына екі рет санкциялық тізімді дәйектемелерімен бірге, одаққа мүше 27 елдің өкілдеріне табыстайды. Олар дауыс беру арқылы санкцияларды одан ары ұзарту не ұзартпау туралы шешім қабылдайды. Әдетте ұзартылады. Тек Путиннің досы саналатын Венгрия басшысы Виктор Орбанның командасы тулап, әлдебір тұлғаларды одан алып тастауды талап етіп отырады.

Енді Политико мақаласынан кейін Венгрияның немесе тағы басқа елдің басшылығы мақұлдаудан бас тартуы ғажап емес. Бұл ретте Еуропалық Одақта барлық шешім тек консенсуспен қабылданады. Ауызбіршілік болмаса, шешім қабылданбады деп саналады. Онда барлық ресейлік олигарх пен Кремлдің адамдары санкция қыспағынан босап шыға келмек.