Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Жетісу облысының командасы 1-орын – 18 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Ақтөбе облысы командасы 2-орын үшін – 16 000 000 теңге, ал 3-орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлайды. Төрешілер шешімімен мәреге төртінші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге берілетін болды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Он төртінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 43 секунд;
Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут 37 секунд;
Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут 57 секунд;
Абай облысы – 112 сағат 12 минут 46 секунд;
Сонымен қатар, бұл кезеңде Маңғыстау облысының Адай жылқысы рекорд жасады. «Рекорд» командасындағы 21 жастағы Мағжан Абдолұлы 1300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 7:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 8 сағат 44 минут 9 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды бастан-аяқ 1 атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.
Жалпы 5-19 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1300 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінген. Еліміздің 19 өңірінен марафонға 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.
Марапаттау рәсімі кешкі сағат 18:00-де «Түркістан-Арена» стадионында өтеді.