Аймақтар

Түркістан: Шардарада жаңа мектеп ашылды

Білім күніне орай, Шардара қаласынан жекеменшік «iBilim» мектебі ашылды.

Салтанатты жиынға аудан басшысы Қайрат Жолдыбай арнайы қатысып, білім ордасының ашылуына атсалысқан барша азаматтарды құттықтады, деп хабарлайды newsroom.kz.

«IBilim high school» (Айбілім Хай Скул) – жоғарғы сыныптарға арналған заманауи мектеп. 2018 жылдан бері Шардара қаласында мектеп оқушыларына дайындық курсы ретінде негізі қаланған білім ұясы күні бүгінге дейін тұрақты түрде жұмыс атқаруда.

Бұл курстың алғаш рет жұмыс бастауына мемлекеттің қолдауымен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша 3000000 теңге қайтарымсыз грант алуына себепкер болған. Ол қаражат қажетті құрал-жабдықтар мен оқу құралдарын алуға жұмсалған.

Аталған 5 жыл ішінде 2000-ға жуық оқушыны оқытып, олардың 90%-ы яғни, 1800 оқушының грантқа түсуіне септігін тигізіп отыр. Енді осы 2023-2024 оқу жылынан бастап IBilim High School мектебі мемлекеттік стандарттарға сәйкес, мектеп бітіруші түлектерге аттестат беретін, барлық талаптарға сай келетін жеке меншік мектеп ретінде тіркеліп, жұмысын жалғастыруда.

Мектептің ғимараты мен ішкі жиһаздары жеке инвесторлардың есебінен қарастырылған. Ғимараттың іші-сырты толығымен күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи талаптарға сәйкес стандартталған. Білім ордасынан айналатын ғимаратқа жеке инвесторлар есебінен 120 млн. теңгеден астам қаражат тартылған.

Компания бүгінде 30-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 18 жоғары санатты білікті мұғалімдер болса, қалғаны – мектеп әкімшілігіне жауапты қызметкерлер мен техникалық персоналдар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі