Аймақтар

Түркістан облысында 15 мыңнан астам жас колледжге тегін оқуға түсті

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық жасап, жүргізіп отырды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Күн тәртібінде 2023-2024 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарау, мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын ұйымдарының тізбесін анықтау мәселесі қаралды. Сонымен бірге мемлекеттік гранттарды білім беру ұйымдарына үйлестіру жөніндегі түйткілдер де тарқатылды.

– Комиссияның хаттамалық шешімімен 70 мамандық бойынша жалпы 15300 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген болатын. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары тарапынан аталған мемлекеттік тапсырыс орындалып отыр. Бұл ретте биыл ұйымдастыру жұмыстарының жаңаша тәсілде жүргізілгенін айта кеткен жөн. Облыс аумағындағы «Жастар ресурстық орталықтарының» мамандары ауылдарды, қалаларды түгел аралап, мемлекеттік бағдарламалар, тегін оқу гранттары туралы ақпарат берді. Нәтижесінде мемлекеттік гранттар толық игерілді. Олардың арасында NEET санатындағы жастар да бар. Енді оқу сапасын жақсарту, қоғамға қажетті мамандықтарды анықтап, келесі оқу жылында гранттарды келесі сол салаларға бағыттау жолдарын қарастыру қажет – деді Бейсен Тәжібаев.

Жиында комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Облыс колледждеріне 2022 жылы 17 мың грант бөлініп, оның 11 110-ы игеріліп, қалған 5 900 орыны игерілмей, кері қайтарылған болатын. Ал биыл республикалық бюджеттен қаралған 15300 грант 43 колледж арқылы толық игерілді.

Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 4 мыңға көбейді. Мамандық түріне қарай бір студентке бюджеттен бөлінетін жылдық оқу құны 850 мың теңге мен 1 млн. теңге аралығында. Биыл гранттарды орналастыруда ашықтық қағидаты қатаң сақталды.

Жиында Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Сауран, Отырар, Төлеби аудандары мен Кентау қаласында мемлекеттік тапсырысты орналастыруда жергілікті әкімдіктер мен колледждер арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылмағандығы да айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары осы ретте, оқуға түсуге ниетті жастармен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуде аудан, қала әкімдіктері мен облыстық білім басқармасы арасында жұмысты жаңа форматқа көшіру қажет екенін жеткізді. Осы бағытта жаңа жоспарлар құрылуда.

Айта кетейік, қыркүйек айынан бастап, колледж студенттерінің шәкіртақысы 22 мыңнан 32 мыңға, ал, 2024 жылдан бастап 42 мыңға артады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі