Астанада тұңғыш рет отандық геологтардың І съезі өтті
Алқалы жиында саланың бірқатар маңызды және өзекті мәселелері талқыланды.
350-ден астам республиканың түкпір-түкпірінен келген геологтар қатысты. Шарада сөз алған геологтар берген ақпаратқа сәйкес, геология саласында шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселелер баршылық, деп newsroom.kz хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің міндетін атқарушы Иран Шарханның сөзінше, жиын осындай күрделі мәселелерді геологтар ортасында талқылап, шешімді тізе қосып іздеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Еліміздің ресурстарын зерттеуде геология саласының маңызы зор, Қазақстанның минералды-шикізат базасы ел экономикасының ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қамтамасыз етуі қажет. Біз сіздердің кәсіби білімдеріңізді ортаға салып, мәселелерді ашық айту үшін жиналып отырмыз, - деді вице-министр.
Сондай-ақ еліміздің геология саласын дамытуға үлес қосқан сала майталмандары «Геология саласының еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.
Ал Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаровтың мәліметіне сәйкес, біздің экономикамыздың іргетасы қаланған сәтте көп пайда әкелген геологияға аз көңіл бөлініп жатқаны көптеген проблемаларды туындатып отыр.
90-жылдардан бері геология саласы көлеңкеде қалып келді. Осының кесірінен қор таусылып жатыр. Неге қор таусылып бара жатыр? Өйткені Кеңес Одағы кезінен бастап біздің пайдалы қазыбаларымызға таусылмайтын, мәңгілік бітпейтін ресурс ретінде қарады. «Менделеев кестесіндегі барлық элементтер аяғымыздың астында жатыр» деп мақтануды ғана білдік, - деді ол.
Пайдалы қазбалардың нормативтік қамтамасыз ету қоры 45-50 жылды құрайды.
Осы мерзімге жеткізу үшін геологтар үлкен жұмыс атқаруы керек. Сондықтан бүгінгі таңда геологиялық салаға назар аудару қажеттігі ерекше өзекті болып отыр. Тек геологтардың тиімді жұмысы ғана елдің болашақта ондаған жылдар бойы тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ете алады, - деді ол.
Алқалы отырыстың қорытындысы бойынша британдық геологиялық қызмет, Ұлыбританияның ғылыми-зерттеу және инновациялар басқармасы мен Қазақстан Республикасының «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатқа сәйкес екі тарап геология, аймақтық геологиялық зерттеулер саласында озық технологияларды енгізу бойынша әрі геологиялық деректер базасын құру саласында тәжірибе алмасып, геологиялық карталарды құрастыру жөнінде заманауи технологияларды қолдану және халықаралық озық тәжірибелерді енгізу туралы ақпаратпен бөлісетін болады.