Ойланайық! Өзбекстандағы АЭС туралы не білеміз?
Жуырда Қазақстанда АЭС соғу туралы мәселе қоғам тарапынан қызу талқыланды. Алматы облысындағы Үлкен ауылында қоғамдық тыңдау өтіп, ақырында бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев араласып, референдум өтетін болды. Осы орайда, newsroom.kz порталы көршілес Өзбекстанда жұмыс істеген экс-дипломат, мемлекет басқару саласының сарапшысы – Руслан Ергешбайұлы Дүйсеновтің сараптамалық жазбасын оқырман назарына ұсынады. Бізге АЭС керек пе, жоқ әлде керек емес пе, деген мәселені өзіңіз айтыңыз, патша көңілді оқырман!
Өзбекстандағы АЭС туралы айтатын болсақ, АЭС салынатын жер Түркістан облысы Шардара ауданынан өте жақын жерде орналасқан. Және, халық өте тығыз орналасқан аймақ.
Атом электр станциясы сияқты қоршаған ортаға әсері бар ірі жобаларды жүзеге асырған кезде әлем елдері көбіне БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы бастамасымен қабылданған Шекаралас тұрғыда қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы конвенциясын басшылыққа алады.
Конвенцияға сәйкес, АЭС салуды жоспарлап отырған ел көрші мемлекеттерге жоба жайлы мүмкіндігінше ертерек ескертіп, хабар беруі тиіс. Бұдан соң хабар алған ел жобаның қоршаған ортаға әсерін зерттеп, оған өз ұсыныстарын жеткізеді. Осылайша, тараптар жобаның мүмкіндігінше қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді.
Ал нақты жағдайда Өзбекстан бұл конвенцияны қабылдамаған. Және де мен Елшілікте істеп жүрген мезгілде өзбек тарапынан бізге АЭС жайлы ресми Нота түспеген. Бәрі де біледі, ол туралы қаншама рет басқосулар да болды. Бірақ, ресми нота жазуға өзбек ағайындар асықпады.
Бірақ, конвенцияға қол қоймаса да, екі ел мамандарының АЭС жобасын бірігіп талқылауы тиіс деп есептеймін. Себебі, мәселе тұрғындардың өмірі мен экология, қауіпсіздік мәселелері жөнінде болып отыр.
Қазір ақпарат шығып жатқандықтан бәрібір бұл мәселені азаматтар талқылай береді. Бұған қоса, экологиялық ақпарат болмағандықтан мифтер де пайда болуы мүмкін. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде талқылап, халыққа ақпарат беру керек. «Міне, осындай технология қолданылады. Мынадай қадамдар атқарылады. Мынадай тәуекелдерге барып тұрмыз» деген сияқты. Мемлекет осыны қолға алуы тиіс. Әйтпесе, бәрібір бұл мәселе қозғала береді.
Жарайды, АЭС қауіпсіз жұмыс істейтін ақ болсын, атомщиктер солай бәрімізді сендіргісі келеді. Бірақ, бұл жерде басқа да проблемалар туындайды. Мәселен, атом станциясының қолданылған отының қайда жібереді, оны қалай утилизация жасайды. Бұл бүкіл әлемде әлі шешімін таппаған сұрақ. Ол отын Ресейде қайта өнделгенмен, радиоактивті қалдықтар Өзбекстанда сақталады деп отыр. Яғни, сол Жизақ облысының аумағында, АЭС тен алыс емес жерде сақталатын болады.
Ал, Жизақ экологиялық бай регион. Айта кетейік, бұл жерде біздің қандастар көп шоғырланған. Айдар-Арнасай көлдері жүйесі орналасқан. Ол Айдар-Арнасай көлдері 2008 жылы Рамсар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияға енгізілген.
Яғни, тағы да бір проблема, ол атом электр станциясының суды пайдалануы. ВВЭР (водно-водяной энергетический реактор) реакторына жылу алмасу және салқындату үшін су керек. Өзбекстанда соғылатын ВВЭР-1200 реакторына жылдық қолданатын су көлемі 88 мың текше метр құрайды.
Ал Айдар-Арнасай көлдерінде климаттың өзгеруіне байланысты, оған құятын өзендердегі судың көлеміне байланысты су көлемі өзгеріп тұрады. Ертең құрғақшылық болып, көлдер мүлдем кеуіп қалса не болады?
Бірақ, бір нәрсені айта кетуіміз керек. АЭС салынбай жатып, өзбек ағайындарымыз пайда көріп жатыр. Ең алдымен ол ядролық ғылымы даму алды. Сонымен қатар, жас мамандарды дайындау қолға алынды. Ташкенттің сырт жағында, Өзбек Ғылым Академиясына тиеселі таулы, саябақтың аумағына ресейлік Росатоммен бірлесіп ядролық энергетика мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны ашылды (Ресейлік «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы). Замануи стильде соғылған ғимаратта, ұмытпасам жылына 100 студент даярлап жатыр.
Қазақстандағы АЭС туралы
Енді АЭС туралы айтып отырып, өзімізде соғылуы жоспарланып отырған станция туралы айтпай кетпесек болмас. Қазақстанда АЭС салу туралы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Оның орны да тіпті анықталып қойған. Балхаш көлінің жанындағы Үлкен ауылының маңы деп. Мына схемада (схема) АЭС салудың алгоритмі көрсетілген. Қарап тұрсақ, біз бірінші пункттан соң (соғатын аумақты таңдау туралы зерттеу жұмыстары) бірден соңғы пунктқа секіріп кеткен сыңайлымыз (АЭС соғу туралы шешім). Яғни, ортадағы қаншама жұмыстарды жасамай, бірден АЭС соғу туралы шешім қабылдап жібердік. Қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр дейді. Бірақ, оның қалай өткізіліп жатқаны туралы, көптеген бұзушылыққа барып, көзбояушылық болып жатқаны туралы әлеуметтік желілер шулап жатыр.
АЭС салудың зияны туралы, таңдалған жердің қолайсыз екені туралы көп әңгімелер жүріп жатыр. Негізі мен өзімде Қазсқстанда АЭС салуды қолдамаймын. Оның ішінде Балхаш көлінде соғуға тіпті қарсымын. Бірақ, АЭС салынатын туралы Президентіміздің өзі мәлімдеді. Сұрақ шешіліп қойды десе де болады.
Ең соңғы хабарға жүгінсек Қазақстан АЭС соғатын елдердің тізімін (шорт-лист) бекітіпті. Төрт елдің ішінен біреуін таңдауымыз керек. Олардың ішінде Азиядан екі мемлекет, Еуропадан екі мемлекет еніп отыр. Европадан: Ресейдің «Росатом» компаниясы және Францияның ЕDF компаниясы. Азиядан: қытайлық CNNC және оңтүстік кореялық KHNP.
Бұл жерде ресейлік тәуелсіз маман, атомщик, Эдуард Мұқтаров (ұлты башқұрт, әлде татар, қысқасы бізге туыс) жақсы бір ұсыныс айтып отыр. Бұл кісі ұзақ жыл қытайда жұмыс істеп, сонда Тяньвань АЭС құрылысына қатысқан. Соңғы жылдары Өзбекстанда қызмет істеді (УзАтомда).
Эдуард Мұқтаровтың мәлімдеуінше, Қазақстан сол Тяньвань атом электр станциясын соғудағы тәжірибені негізге алу керек. Ол жерде реактор ресейлік, турбина Қытайдан, бақылау және басқару жүйесі француздық ЕDF компаниясыныкі. Ғажап! Орысша айтсақ, «Абсолютно прагматично и максимально дипломатично».
Менің ойымша, сол маманды, Эдуард Мұқтаровты шақырып, қызметіне жүгінсек дұрыс болар еді.
Руслан ДҮЙСЕНОВ,
Мемлекеттік басқару саласының
сарапшысы