Көзге лазерлік ота жасатқан дұрыс па?
Көзге лазерлік ота жасатқан дұрыс па?
Бүгінде көздің нашар көруі қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Көзіне лазерлік ота жасату арқылы көру қабілетін жақсартқысы келетін адамдардың саны артып барады. Алайда олардың қатарында лазерлік отаны жасатуға жүрексінетін, оның арты неге әкеліп соқтырады екен деген қорқынышы мазалайтын емделушілер көп. Сондықтан біз Қазақстандағы ең үздік, кәсіби офтальмологиялық клиникалардың бірінде қызмет ететін, 18 жылдық тәжірибесі бар жетекші рефракционды офтальмохирург, жоғары санатты дәрігер, Еуропалық катаракта және рефрактивтік хирургтер қоғамының мүшесі Ләззат Назаровадан сұхбат алып, көзін емдеткісі келетін емделушілердің ойында жүрген сан алуан маңызды сұрақтарды қойдық, деп хабарлайды newsroom.kz.
El.kz: Ләззат Жалдыбайқызы, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Алдымен көздің көру қабілетіне әсер ететін негізгі факторларды атап өтсеңіз.
Ләззат Назарова: Негізінен көздің көру қабілетін төмендететін бірнеше фактор бар. Қазіргі таңда заман ағымына сай адамдардың гаджетке деген сұранысы да, тәуелділігі де жоғары ғой. Сондықтан көздің нашарлауына әсер ететін ең бірінші фактор – түрлі гаджеттер дер едім. Күні бойы телефон, планшет қараған адамның көз алмасына едәуір ауырлық түседі. Сол себепті көз ауруының алдын алу үшін кішкентай кезден бастап спортпен шұғылданып, күннің көзіне жиі шығып серуендеу қажет.
El.kz: Көзге жасалатын отаның қандай түрлері бар? Оның қай түрі қандай диагноз қойылғанда жасалады?
Ләззат Назарова: Көзді лазермен түзету әдісі әлемдегі ең көп жасалатын оталардың бірі. Себебі мұндай отаның нәтижесі дәл, эффектісі бірден және ол ешқандай ауыртпашылықсыз тез өтеді.
Лазерлік отаның түрі емделушіге қойылған диагнозға байланысты таңдалады. Адам өзіне қандай отаны жасату қажеттілігін білу үшін алдымен толық диагностикадан өтуі тиіс. Содан кейін барып қана емделушіге ота жасалады. Осы ретте оның түрлерін кезекпен атап өтейін:
SmartSight – ең заманауи толық фемтолазерлік минималды қалыпқа келу кезеңі бар, қасаң қабықтық лоскутсыз шағын инвазивті көруді түзетудің процедурасы. -8,00 дптр.-ге дейінгі миопия және 10,00 дптр.-ден аспайтын астигматизм, -4,00 дптр.-ден аспайтын жалпы сфералық эквиваленті бар жағдайларында ұсынылады.
ReLEx SMILE — лоскутсыз көруді түзетудің микроинвазивті және толық фемтосекундты технологиясы. -7,25 дптр.-ге дейінгі миопия және 2,50 дптр.-ден аспайтын астигматизм жағдайларында ұсынылады.
Жоғарыда аталған екі әдістен кейін адамның оңалуы тез. Мысалы біз емделушіге таңертең ота жасадық делік, ол кешке жұмыс істей алады. Ал келесі күні тіпті өзінің өмір сүру салтына қайтып келеді. Сондай-ақ оларға ешқандай шектеу қойылмайды. Бірақ біз кез келген лазерлік түзетуден кейін 1-2 күн демалуға кеңес береміз.
FemtoLASIK – бұл «Алтын стандарт» деп аталатын, көруді түзетудің универсалды әдісі. Клиникалық қолдану аясы кең: - 12,00 дптр.-ге дейінгі жоғары дәрежедегі миопия; 6,00 дптр.-ге дейінгі астигматизм; +4 дптр.-ге дейінгі гиперметропия және аралас астигматизм жағдайларында қолданылады.
Мұндай ота түрін жасатқан емделушіге 1 ай көлемінде моншаның бу бөлмесіне кіруге, бассейнге шомылуға, күрес, бокс сынды спорт түрлерімен айналысуға шектеу қойылады.
LASIK – уақытпен сыналған, резервтік, таңдау әдісі. Ота кезінде арнайы құрылғыны пайдалана отырып, офтальмохирург қасақ қабық тінінің лоскутын қалпына келтіреді, одан әрі лазерлік әсер ету үшін қасаң қабықтың ішкі қабаттарына жол ашады. Қалыпты қасаң қабықтың қалыңдығымен -5,00 дптр.-ге дейінгі астигматизмді ескере отырып, миопияда қолданылады.
ФРК – эксимерлі лазермен лазерлік түзетудің беттік технологиясы. -5,00 дптр.-ден аспайтын астигматизмді ескере отырып, салыстырмалы түрде жұқа қасаң қабық немесе миопияның басқа асқындыратын факторлары бар жағдайларда ғана орындалады. Басқа әдістермен түзетуге қарсы көрсетілімдері бар емделушілерде жақсы нәтижеге жету үшін салыстырмалы түрде сирек, ерекше жағдайларда ғана тағайындалады.
El.kz: Лазерге жарамды көздің минусы мен плсюсы нешеден аспауы тиіс?
Ләззат Назарова: Адамның көзінде минус немесе плюстың болуы – көз алмасының параметрлеріне байланысты. Көруді лазерлік түзету -12 дптр. дейінгі миопияға, 6 дптр. дейінгі астигматизм кезінде ұсынылады. Ал плюске келер болсақ, +4-ке дптр. дейін алып тастауға мүмкіндік бар. Әр емделуші – жеке тұлға. Оның көзіне ота жасау, не жасамау туралы шешімді толығымен диагностика өткізгеннен кейін ғана қабылдаймыз.
El.kz: Ал көзі лазерлік түзетуге келмейтін емделушілерге қандай ем қолдана алады?
Ләззат Назарова: Емделуге келген емделушілер «көзіңізге лазерлік түзету отасын жасатуға болмайды» дегенді естісе, бірден көңілі түсіп кетеді. Мұндай жаңалық әрине оларға ауыр тиеді. Бірақ біз мұндай жағдайда оларға көзді емдетудің басқа жолын ұсынамыз. Кейде миопиясы -20 дптр.-дан асқан емделушілер де келіп жатады. Оларға факикалық интраокулярлы линзаларды тағайындаймыз. Соның арқасында емделушілер айқын көру қабілетіне ие болады. Клиникамызға миопиясы -29 дптр.-мен келген емделушіміз де болған. Жалпы факикалық интраокулярлы линза миопиясы -18 дпт.-ге дейінгі емделушілерге көмектесе алады. Ал миопия -20.00 дптр.-ден жоғары болса «Биоптика» нұсқасында, LASIK/FemtoLASIK-пен біріктіру арқылы қолданылады.
El.kz: Көздің ішіне қойылатын линзалар қанша уақытқа дейін жарамды? Ауыстырып тұру қажеттілігі бар ма?
Ләззат Назарова: Мәселен, факикалық интраокулярлы линзаны емделушіге 25 жасында орнаттық делік, бірақ табиғаттың өзіндік заңдылықтары бар екенін ұмытпау керек. Адам 40-45 жасқа толғаннан кейін жақыннан көру қабілеті біртіндеп төмендей бастайды. Бұл диагноз – пресбиопия деп аталады. Сондай-ақ емделушілердің жасы 50-ден асқанда көз бұршағына ақ түсуі мүмкін. Осылайша ол өзінің мөлдірлігін жоғалта бастайды. Бұл процесс те қартаю кезінде әжім, ақ шаш түсуі секілді болатын қалыпты жағдай. Осындай кезде басында салған факикалық интраокулярлы линза мен көз бұршағын алып тастаймыз. Сөйтіп, жаңа линзаны салып береміз. Бұл отадан кейін емделуші алысты да, жақынды да тамаша көре бастайды.
El.kz: Көзі нашар көретін әрі қылилығы бар емделушілер екі ауруын да қатар емдете ала ма?
Ләззат Назарова: Әрине, оның да шешімі бар. Егер емделушіге көз параметрлеріне сәйкес лазерлік түзету әдісі ұсынылса, ешқандай қарсы көрсетілім жоқ болса, отаны бірінші кезеңге жоспарлаймыз. Шамамен 1,5-3 ай аралығында көзді тексеріп тұрамыз. Содан соң екінші кезеңге қылилықты дұрыстайтын отаны ұсынамыз. Біздің емделушілеріміздің арасында осындай мәселемен келетіндер де бар. Олар үшін көзін толыққанды емдетіп шығуы – арманының орындалуы ғой.
El.kz: Ота жасату үшін алдын ала қандай да бір дайындық керек пе?
Ләззат Назарова: Ота жасату керемет дайындықты талап етпейді. Ең бастысы емделуші жанаспалы линзаларын бірнеше күн тақпауы және ауырып қалмауы тиіс. Одан кейін психологиялық, эмоционалдық жағдайын ретке келтіруі керек. Көбіне емделушілер отадан кейін көзім көрмей қала ма деп те қорқып жатады. Адамда қорқыныштың мүлде болмауы мүмкін емес. Сондықтан барынша дәрігердің кеңесіне құлақ асып әрекет еткен жөн.
El.kz: Отадан кейін көз қанша уақыт ішінде оңалады?
Ләззат Назарова: Көзге лазерлік түзету оталары өте тез, яғни 5-10 минут ішінде жасалады. Отадан кейін әрине емделушінің көзін тексерістен өткіземіз. Ол клиникамызда кішкене тынығып, демалып алады. Содан соң үйіне жібереміз.
Ота жасағаннын кейін емделушіге тиісті кеңес айтылады. Емделушілерге үйінде алдын ала өзі жақсы көретін, дәмді тамағын әзірлеп қоюды ұсынамыз. Ота жасатқан адамның көзі бастапқыда 1-2 сағаттай бұлдырап, ыңғайсыздық тудыруы мүмкін, бұл қалыпты жағдай. Сол себепті емделуші үйіне келіп, тамақтанып, бір ұйықтап тұрса, көзі бірден керемет көре бастайды. Мұны мен ғажайып нәрсе деп ойлаймын!
Ота жасатқаннан кейін емделуші келесі күні көзін тағы да тексертуге келеді. Дәрігер өзі қарап шығып, оған кеңесін береді. Әрі қарай ол емделуші офтальмологтың тағайындаған уақытына сәйкес тексерілуге келіп тұруы қажет.
Адамдардың көзінің отадан кейін оңалуы біреуінде бір күн, екіншісінде бір ай уақытты алуы мүмкін. Себебі көзі тамаша көре бастаған емделуші әлемге басқаша көзқараспен қарайды. Мидың «жаңа көзге» үйренуіне біраз уақыт керек.
El.kz: Көзіне ота жасатқаннан кейін емделушінің о бастағы дәрежесіне түсіп, көзінің көру қабілеті нашарлап кетуі мүмкін бе?
Ләззат Назарова: Бұл – мүмкін емес жағдай. Мәселен, отаға дейін емделушінің көзі -4 дптр. болды делік. Сол -4 дптр. бірден қайтып пайда болуы үшін көз алмасының параметрлері мүлде басқа болуы қажет. Минусы бар көз созыңқырақ болса, айқын көретін көз дөңгелек пішінде болады. Есейгенде адамның аяғы өспейтіндей, көз алмасы да өсуін тоқтатады. Сондықтан отадан кейінгі нәтиже тұрақты болады.
Әлемдік әдебиеттерге сүйенер болсақ, кейбір емделушілерде -0,5 дптр.-ден аспайтын көз алмасының тартылып өсуі байқалуы мүмкін. Бірақ емделушінің көзіндегі минус ешқашан -4 дптр. болып бастапқы қалпына келмейді.
Егер көз алмасында кішкене өсім байқалса, оның да бізде шешімі бар. Ол – бірінші жасаған отаның коррекциясын жасау.
El.kz: Сонда бұл емделушіге лазерлік отаны бірнеше рет жасатуға болады деген сөз бе?
Ләззат Назарова: Лазерлік отаны «бірнеше рет» жасаудың қажеттілігі жоқ. Әрі кетсе емделуші отаны өмірінде тек 2 рет қана істетуі мүмкін.
Қазіргі таңда күні-түні жұмыс істейтін адамдар саны көбейіп келеді. Бірақ түн бізге демалу үшін беріледі. Егер адам күндіз гаджетпен жұмыс істеп, түнде демалып, тынықса ештеңе де болмайды. Ал тәулік бойы жұмыс істесе, ол фактор көз алмасына өз әсерін тигізеді. Мұндай кезде көз алмасының беткі қабаты құрғап кетуі мүмкін. Біз емделушіге тамызатын арнайы тамшыларды жазып береміз. Енді 100 пайыз былай болса, мынандай нәрсені ұсынамыз деп айта алмаймын. Кейбір емделушілер ота жасатқаннан кейін көзінің бұрын нашар көргенін ұмытып кетеді. Содан барып диагностикадан сирек өтеді. Негізінен емделуші көзін жылына жоқ дегенде 1-2 рет тексертіп тұрғаны абзал. Сол кезде ол көзінің келешегіне қатты алаңдамайтын болады.
El.kz: Көзге лазерлік ота жасату қарапайым халық үшін қолжетімді ме?
Ләззат Назарова: Отаның құны оның жасалу әдісіне тікелей байланысты. Біз емделушіге отаны ұсына отырып, оның қалтасына қарамауымыз қажет. Бастысы емделушінің диагнозы мен таңдалған отаның ол үшін қауіпсіздігін назарда ұстауымыз тиіс. «Менің ақшам жоқ, арзан отаны жасап беріңіз» дейтіндей бұл дүкен емес қой.
Негізі клиникамыздағы ең арзан ота – ФРК әдісі. Оны біз кез келген адамға тағайындай алмаймыз. Отаның бекітілген өзіндік параметрлері бар. Оның бағасы бір көзге 80 мың теңгені құрайды.
Отаның құнын бірден толығымен өтей алмайтын емделушілер бөліп төлеу әдісін қарастыра алады.
El.kz: Ота жасатқан әйелдер өздері босана алады ма?
Ләззат Назарова: Негізі сіз көзге лазерлік түзету отасын жасатқысы келетін қыз-келіншектердің жиі айтатын аңызына тоқталып отырсыз. Жалпы лазерлік отаны жүктілікке дейін де, жүктіліктен кейін де жасатуға болады, ешқандай айырмашылығы жоқ. Ең бастысы жасатар кезінде жүкті болмауы керек.
El.kz: Қарапайым халық арасында «офтальмологтар өздері лазерлік түзету жасатпайды. Олар көзілдірік таққанды жөн көреді» деген ұғым бар. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасады?
Ләззат Назарова: «Дәрігерлер көзіне лазерлік түзету отасын жасатпайды, ол өте қауіпті» деген әңгіме өтірік. Біздің клиникамызда ота жасатып алған офтальмологтар бар. Дәрігерлер де жай қарапайым адамдар ғой. Ал отаны жасатпай жүрген офтальмологтардың оған өзіндік бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, оларда да мысал үшін ота жасатуға қарсы көрсетілім болуы ықтимал. Екіншіден, дәрігер көзілдірікті аксессуар ретінде ұнатса, үшіншіден, ота жасатуды қаламауы мүмкін. Офтальмологтардың таңдау жасауға хақы бар деп ойлаймын.
El.kz: Сәтсіз шыққан оталар болды ма? Коррекциядан көзі көрмей қалған емделушілер бар ма?
Ләззат Назарова: Көзге лазерлік түзету отасын жасағаннан кейін емделушінің көзі көрмей қалуы мүмкін емес жағдай. Неге десеңіздер, алдымен, көзге мұндай оталарды жасамас бұрын емделушіні күрделі, сапалы диагностикадан өткіземіз. Яғни біз көз алмасын барлық параметр жағынан мұқият тексереміз. Содан емделуші жайлы ақпаратты оқи отырып, анализ жасаймыз. Ең бірінші орында үнемі қауіпсіздік тұрады. Екіншіден, отаны тек білікті офтальмохирургтер өткізеді. Үшіншіден, ота жасауға арналған құрылғылардың сапасы өте жоғары, әлемдік стандарттарға сай.
El.kz: Көзілдірік киген дұрыс па, әлде ота жасатқан жақсы ма? Кәсіби маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
Ләззат Назарова: Қазақстан Республикасында көзге лазерлік түзету отасын 18 жастан бастап жасатуға болады. Сондықтан кәмелет жасқа дейін ата-анаға баласының көзіне ерекше мән беруіне кеңес беремін. Жасөспірімдер уақытылы диагностикадан өтіп, қажетті емді қабылдауы тиіс. Дәрігердің барлық ұсынысына құлақ асу керек. Себебі бала өскен сайын көз алмасы да үлкейіп, жағдай өзгеруі мүмкін.
Адамға ота жасату керек немесе линза, көзілдірік тағуы қажет деп кесіп айта алмаймын. Дәрігер өзіне келген емделушісіне ота жайлы бар ақпарат пен болжамын айтып жеткізеді. Сол айтылған дүниенің төңірегінде емделуші таңдауды өзі жасайды.