Қазақстанда ЖОО-ның 129 мыңнан астам студенті жатақханада тұруға өтініш білдірді
Қазақстанда ЖОО-ның 129 мыңнан астам студенті жатақханада тұруға өтініш білдірді
Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысы өтті. Жиында студенттерді жатақханамен қамту және оларға лайықты жағдай жасау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Сөз басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы студенттерді жатақханамен қамту мәселесі бір емес, бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан проблема екенін атап өтті.
«Жыл сайын жаңа оқу жылында қозғалатын маңызды мәселе – жатақхана тапшылығы. Өкінішке қарай, Үкімет бұл мәселені түбегейлі шеше алған жоқ. 2021 жылы студент жастарымыздың тек 16%-ы ғана жатақханамен қамтылды. Одан кейінгі жылдарда да дәл осындай жағдайға тап болдық. Жоғарғы оқу орындарында орнаған бір тенденция бар: алдымен 1-курс студенттері ғана жатақханаға жайғастырылады. Орын қалып жатса, өзге студенттер қамтылады. Бұл қаншалықты әділетті? Пәтер жалдауға халықтың жалақысы жетпейді. Соған қарамастан, жауапты органдар осы мәселеге күні бүгінге дейін атүсті қарап келеді. Біз мәселені құр көтеріп қана қоймай, оны шешу жолын қарастыруымыз керек», – деді Кеңес төрағасы.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова осы күні елімізде студенттер саны 1 млн-нан асатынын атап өтті. Оның айтуынша, заңға сәйкес, ЖОО-дағы барлық шәкірт жатақханамен қамтылуға тиіс. Алайда, іс жүзінде олай болмай отыр.
«Партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты студенттердің жатақхана тапшылығы мен оларға лайықты жағдай жасау мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Мәселен, жастар қанаты биыл 14 тамыздан бері 389 жатақхананың жағдайын тексерді. Оның 149-ы – жоғары оқу орындарына, қалған 240-ы – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тиесілі. Нәтижесінде, санитарлық және қауіпсіздік нормаларының сақталмауы, су крандарының жұмыс істемейтіні, сынық кафельдер, оқу залдарының өз мақсатында пайдаланылмауы, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындардың болмауы анықталды», – деді партия Хатшысы.
Бұл ретте, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ЖОО-ның жатақханаларында 23 686 орын тапшы екенін атап өтті. Соның ішінде, Алматы, Астана қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр.
«Өкінішке қарай, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін бір күнде шешу мүмкін емес. Еліміздегі 104 ЖОО-да 198 жатақхана бар. Биыл 129 мыңнан астам студент жатақханада тұруға өтініш білдірді. Ал ел аумағындағы жатақханалардың сыйымдылығы 106 мың орынды құрайды. Тиісінше, 58 білім ордасындағы жатақхана тапшылығын шешу мақсатында, жекеменшік 182 жатақхана мен хостелді жалға алу туралы шешім қабылданды. Онда 24 560 орын бар. Меншік иелерімен бірнеше келіссөз жүргізіліп, Алматыдағы хостелдерді жалға алу құны айтарлықтай арзандатылды. Нәтижесінде, бір жатын орнының бағасы – 30-50 мың теңге аралығында белгіленді. Келісімге сәйкес, онда тек студенттер ғана орналастырылады. Қауіпсіздік мәселесіне де мән беріледі», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, 2018-2022 жылдары елімізде студентерге арналған 26 390 орындық 99 жатақхана пайдалануға берілді. Биыл 8 854 орынға негізделген 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде оның 6-ы жастарды қабылдап үлгерді. Қалғанын жыл соңына дейін жұмыс істей бастайды.
Ал Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ел аумағындағы 776 колледжде 517 мыңнан астам студент білім алып жатқанын мәлімдеді. Биыл 190 мың талапкер оқуға қабылданды.
«Еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы 523 жатақханада 54 мыңнан астам студент тұрып жатыр. Алайда, 6 312 орын әлі де тапшы болып отыр. Әсіресе, Ақмола облысы мен Алматы қаласында жатақхана тапшылығы бар. Сондықтан, биыл колледж студенттері жақханаларда қосымша 2 359 орынмен қамтылады. Соның ішінде, жаңа оқу жылы басталғалы бері 6 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1 269 орынға негізделген тағы 6 жатақхананы пайдалануға беру көзделуде. Сондай-ақ, 19 колледждің студенттері хостелдер мен қонақ үйлердегі 1 327 орынмен қамтылды», – деді ол.
Бұл ретте, Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры Медет Ақтанжанов ЖОО-мен колледждердегі жатақхана мәселесін шешу үшін бюджеттен бөлінетін қаражатқа тоқталды.
«ЖОО студенттерін жатақханаларда 14 532 орынмен қамту мақсатында, 2023 жылға арналған республикалық бюджетте Ғылым және жоғары білім министрлігіне 5 млрд 257 млн теңге қарастырылды. Ал колледж студенттерін 5 273 орынмен қамту үшін Оқу-ағарту министрлігіне 1 млрд 849 млн теңге бөлу көзделді. Бүгінде 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралуда. Осы үш жылдық кезеңде Ғылым және жоғары білім министрлігіне студенттерді 15 138 жатақхана орнымен қамтамасыз ету үшін – 19,2 млрд теңге, ал Оқу-ағарту министрлігіне жастарды 6 762 жатақхана орынымен қамтамасыз етуге 8,6 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», – деді департамент директоры.
Осы орайда, Ұлттық экономика министрлігі Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Алмаз Құсайынов мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында тұрғызылып жатқан жатақханаларға тоқталды.
«Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде Қызылорда қаласында 400 орынға негізделген жатақхана құрылысы қолға алынуда. Сонымен қатар, Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне арнап 3 310 орындық жатақхана салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасы аясында, әлеуметтік салада мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленуде. Осы кешенді жобаны пысықтау барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі 7 950 орынға арналған 4 студенттік жатақхана салу бойынша 3 жоба ұсынды», – деді Алмаз Құсайынов.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері және кеңес мүшелері құзырлы органдардың өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, тиісті жауап алды. Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы бұл мәселеге алдағы уақытта да ерекше мән берілетінін айтып, барлық ұсыныс назарға алынатынын атап өтті.