Жаңалықтар

Экс-министр ормандардағы қылмысқа қатысты сырды жайып салды

Экс-министр ормандардағы қылмысқа қатысты сырды жайып салды

Ал Цифрлық даму министрлігі ормандардың оталып жатқаны көрсетілген ғарыштық түсірілімдерін жауапты құрылымдардың елемейтініне шағымданады, деп хабарлайды newsroom.kz. Халықтың қарсылығына, сарапшылардың сынына ұшырап, сегіз ай ғана өткенде министрлік орынтағынан ауып қалған Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрі ретінде атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, есеп берді. Әрине, 8 ай "тарих үшін қас қағым сәт", осы қысқа мерзімде салада ұлы бастамалар мен тарихи бетбұрыстарды қолға алып, аяғына жеткізу қиын. Смайылов Үкіметіндегі ең жас министр болған Зүлфия тау қопарып, тас жарып тастамағанымен, өзінің айтуынша, біраз іс тындырыпты. Біріншіден, оның тұсында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы алғаш рет экологиялық қауіпсіздік мәселесіне арналған екен. "Бұл кеңестің бүкіл тарихында болмаған оқиға. Нәтижесінде біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған ауа сапасы стандарттарына көшу процесін бастадық. Бұған дейін елімізде қабылданған улы заттардың шекті рұқсат етілген шоғырлану (ШРШ) көрсеткіштері ДДСҰ ұсынғаннан әлдеқайда әлсіз болды. Мәселен, 2022 жылы Қарағандыда РМ2.5 бөлшектерінің концентрациясы біздің ШРШ-дан 5 есе, ал ДДСҰ стандарттарынан 36 есе асып түсті. Кәсіпорындарға қатаңырақ талаптар қою үшін Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық нормаларды жаңарту және күшейту туралы бірнеше рет ұсыныс енгіздік. Нәтижесінде биыл аталған министрлік бұл нормалардың қажеттілігін мойындап, қайта қарауды бастады! Қазір команда техникалық детальдары бойынша жұмыс істеп жатыр", – деді бұрынғы экология министрі. Екіншіден, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысын реттеу жолға қойылуда. Зүлфия Сүлейменова алпауыттардың елді әбден басынып алғанын меңзеді. Мысалы, NCOC операторы Қашаған кен орнында мұнайдан бөлінетін аса улы күкіртті ашық аспан астында шектен тыс көп орналастырып жатқан көрінеді. Экология министрлігі оған қарсы шығыпты. Бұған қоса ведомство Көкжиде құмды массивінің шекарасындағы мұнай ұңғымаларын толығымен жою қажет деп табандаған екен. Зүлфия өз орнын басқан жаңа экология министрі Ерлан Нысанбаев табаны тайғанақтамай, бұл істе табандылық танытады деген үміт білдірді. Әйтпесе, бұл "көпшілік үшін ыңғайсыз ұстаным" болып тұр. Үшіншіден, кәсіпорындардың атмосфералық ауаны ластаған құқық бұзушылықтарына талаптарды күшейту шаралары басталыпты. Зүлфияның командасы кәсіпорындардан зиянды шығарындыларының лимиттері үшін "экологиялық салық" жинау бастамасын көтерді. Бұл аймақтардың экологиясын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттерге төленетін эмиссиялық төлемдер болады. Өйткені билікке сөзі өтімді кәсіпорындар ауаны бүлдіруге квотаны артығымен алып алады және бұл оларды зиянды шығарындыларын азайтуға ынталандырмайды. Нысанбаев бұл бастаманы ілгерілете ме, әлде "тұншықтыра" сала ма, ол жағы әзірге белгісіз. Бірақ Зүлфияның министрлік мансабының түбіне жеткен мәселе – орман өрттері сияқты. Ол оған жеке әрі егжей-тегжейлі тоқталды. Оның "министрлік аз ғұмыры" кезіндегі ең ірі, басты жанжал – Абай облысындағы алапат орман өрті болды. Соның кесірінен 15 адам: орман шаруашылығының 14 жұмысшысы және тілсіз жаумен күрескен бір тракторшы қаза тапты. Отқа оранған "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты – Сүлейменова басқарған экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайды. Сонда тегеурін таныту орнына жұрт көзінше еңіреп қоя берген министр қыз қоғамның кіжінісін туғызған еді. Экс-министрдің айтуынша, Қазақстанда ормандар жаппай ұрланады және қасақана өртеледі. Мансабының болашағын ойлады ма, З.Сүлейменова бұл былыққа жол беріп отырған жоғары лауазымды тұлғалардың аттарын атап жатпады. "Біз тексеру барысында ормандарды ұрлау, заңсыз ағаш кесу, ормандарды өрттеу және өрттің жекелеген фактілерді жасыру жүйелі жолға қойылғанын анықтадық. Тексеру кезінде тексеушілердің машиналарына олардың ішіндегі құжаттарын жою үшін өрт қойған оқиғалар болды. Сондықтан, дәл қазір дөңгелек пішіндегі ағаштарды орманнан шығаруға тыйым салу туралы, сондай-ақ қылқан жапырақты ағаштарды кесуге 10 жылға мораторий жариялау туралы министрдің бұйрығы тіркеу сатысында тұрғанын хабарлаймын. Бұған дейін қылқан жапырақты ағаштарды кесуге тыйым салынған болатын. Кейін ол тыйым алынып тасталды. Бұл шешім осы ағаш түрлері санының қысқаруына соқтырды", – деді Зүлфия Сүлейменова. Абай ауданындағы өрттен кейін өршіген басты бір сын – орманшылардың өртке қарсы киімінің жоқтығына қатысты болды. Бұрынғы экология министрі бұл сынды әділетті деп санайды. Себебі, ол бұл салада орманшылардың және сарапшылардың жанайқайына құлақ қоймады, бұрынғы министрлер салған сүрлеумен салпақтады. Ал 2015 жылы қабылданған ережелерде орманшылар үшін қорғаныс құралдары мен өртке қарсы киімдер қарастырылмаған еді. Тек Қазақстан халқының аза бойын қаза еткен трагедиядан соң ғана Сүлейменованың командасы өртке қарсы киім-кешекпен қамтамасыз етуді көздейтін жаңартылған нормативтерді әзірледі. Соның аясында биыл табиғатты қорғау және орман мекемелерінің 4 405 қызметкеріне өртке қарсы киім сатып алуға Үкімет резервінен 918 млн теңге қосымша қаражат бөлінген. Соның ішінде 1 335-і – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлері, 3 070-і – жергілікті атқарушы органдарға бағынатын орман шаруашылығының қызметкерлері. Сондай-ақ, орманшылар ережелерінде материалдық-техникалық базаны жақсарту үшін қосымша құрал-жабдықтарды, мысалы, жетуі қиын жерлерге арналған квадроциклдерді және беспилотниктерді сатып алу қарастырылуда. Экс-министр өз саласының бірқатар қызметкерінің жалақысын көтеріп кеткенін жеткізді. Мәселен, биылғы маусым айынан "Қазгидромет" қызметкерлерінің жалақысы 26–111% аралығында жоғарылапты. Бұдан әрине, олар байып кеткен жоқ, себебі, осы уақытқа дейін олар онсыз да ең төменгі жалақыдан сәл ғана асатын еңбекақыға күнелтіп келген. Бақылау желісінде қызмет ететін азаматтарға басты назар аударылды. Қауіптілігі жоғары жерде жұмыс істейтін 12 876 азаматтық қызметкерлердің жалақысы 100% өсірілген. Министрлік орман күзетшілерін штатқа өткізуге де бастамашы болыпты. Бүгінде маусымдық жұмысшыларға қосымша ақы төлеуге тағы қаражат бөлу туралы Үкімет қаулысы қаралуда. Алайда оның қабылданарына еш кепіл жоқ. Жалпы, Қазақстан орман және жасыл желек жөнінен әлемде соңғы орындарды алады: рейтингте небары 72-ші орында тұр және тіпті Намибия, Габон, Зимбабве, Эсватини, Ауғанстан сияқты елдерден де төмен орналасқан. Бұл жерде Қ.Тоқаевтың 2026 жылға дейін 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы бастамасы да жағдайды өзгерте алмады. Ормандарды жою болса, жалғасуда. Биылғы сәуірде министр Зүлфия Сүлейменова Шығыс Қазақстан облысының Маралды кентінде ушығып бара жатқан экологиялық дауға қатысты түсініктеме беруден басын ала қашқан болатын. Сонда ол аталған проблема облыстық әкімдік пен Индустрия министрлігінің жауапкершілік аймағына кіреді деп жалтарды. Ал биылғы 1 қыркүйектегі жарлығымен Президент Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігінін жоя салды. Еске сала кетсек, Маралды кентінің тұрғындары екі жылдан астам уақыттан бері жергілікті табиғи қорықты қорғап қалуға жан салуда. Олар қаншама рет наразылық акцияларын, митингтер өткізді, ақпарат құралдарына, түрлі инстанцияларға шағымданды, петиция жариялады. Әйтсе де, ол жердің астындағы мол алтын олигархтарды ынтықтырып отыр. Салдарынан қорық орнында алтын өндіруші фабрика салу мәселесі күн тәртібінде сол бойы тұр. Жұртшылық бір күні ол жаққа ауыр техниканың шапқыншылығы басталып, орман жаппай оталады деп қорқады. Негізі, ел Үкіметі орман өрттерінің ғана емес, ормандардың заңсыз кесілуінің алдын алуға ғарыш сеңгірінде қалықтап жүрген отандық жерсеріктері үлес қосатынына сөз берген. Ол уәде қайда? Жыл сайын ғарыштан алынған жерүсті деректері мен қашықтықтан зондтау деректеріне геоақпараттық талдауды қолдана отырып, ғарыштық суреттер мен талдамалық технологиялар негізінде мониторинг және талдау қызметтерін ұсыну үшін бюджеттен шамамен 3 миллиард теңге бөлінеді. Ол миллиардтардың қайтарымы қайда? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті ондай ақпаратты құзырлы органдарға ұдайы ұсынып тұратындарына сендіреді. Тек "еститін мемлекет" дәл осы жерде керең әрі соқыр бола қалатынға ұқсайды. Комитет мамандарының түсіндіруінше, биыл орман қорының ғарыштық мониторингі аясында шамамен 20,6 миллион гектар жер зерттелген. Бұл – Қазақстандағы орман алқаптарының 100%-ы. Ғарыштан тексеру барысында 2023 жылдың 1 жартыжылдығында ормандарды заңсыз отаудың шамамен 14 оқиғасы әшкереленді. Алайда олар бойынша толыққанды шаралар қабылданбаған, жауаптылар жазаланбаған. Неге?
"Бүгінде қолданыстағы заңнамада ғарыштық мониторинг мәліметтері мемлекеттік органдардың төл профилактикалық бақылауы кезінде пайдаланатын ақпарат көздерінің бірі ретінде заң жүзінде айқындалмаған. Мысалы, орман алқаптарын мониторингтеу кезінде мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кеспеағаштарды бөлу және таксациялау қағидаларын бұза отырып, орманды заңсыз кесу анықталады. Тиісті ақпарат жауапты органдарға жіберіледі, алайда көп жағдайда олар ол ақпаратты елемейді немесе ғарыштық мониторинг деректері расталмады деп хабарлай салады. Шынында Жерді қашықтықтан зондтау деректерін өңдеу үшін инженерлермен және орман шаруашылығы өкілдерімен бірлесіп, көшпелі жұмыстарды жүзеге асырғанда, ғарыштан әшкереленген барлық бұзушылықтар жерде расталады", – деп мәлім етті Аэроғарыш комитетінің мамандары.
Сол себепті ведомство "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Оған сәйкес, ғарыштық мониторинг деректерін заңмен бекіту ұсынылады. Осы арқылы бүкіл ел көлемінде табиғат пайдалану субъектілеріне бармай-ақ, ғарыштан профилактикалық бақылау жүргізу бағыты заңдастырылатын болады. Бірақ билік бұл заң жобасын тек 2025–2026 жылдары ғана қабылдауды жоспарлап отыр. Оған дейін онсыз да қалқиған ағаштары сирек қазақ жеріндегі барлық орман оталып, дала тұлдыр тақыр, сахара шөлге айналмаса жөн.