Америкалық сарапшылар бұдан Ресейдің соғыста жеңілетінінің бір нышанын байқап отыр, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Әуеде 24 сағатқа дейін қалықтай алатын, 150 шақырымға дейін ұшуға қауқары жететін, бауырына бекітілген 4 басқарылатын зымыранымен соққы беретін Bayraktar TB2 атты түрік беспилотнигі Украинаны толық отарланудан сақтап қалғаны белгілі.
"Байрақтар" былтыр, соғыстың алғашқы кезеңінде тізбегі алпыс шақырымға дейін созылған ресейлік әскери техниканың ұзынсонар колоннасына қырғидай тиді. Әсіресе, агрессордың әуе қорғанысы (ПВО) жүйелерін аяусыз басып-жаншып, тас-талқанын шығарып, украиналық артиллерияның толыққанды жұмыс істеуіне жол ашты. Түркиялық қанатты техниканың тегеуріні тіпті әлем жұртшылығын тәнті етті. Украина оған түрлі ән арнады, "Байрақтар" деген сауда, дәмханалар желілері пайда болды. Оның атын баласына берген отбасылар да табылды.
Ақыры шыдамаған РФ әскері Украинаның Киев, Сумы, Чернигов, Николаев, Харьков сияқты облыстарын тастай қашты. Соғыс текетіреске ұласты. Осы кезде майдан даласынан түсірілген видеолардан қанатының құлашы 12 метрге, ұзындығы — 6,5 метрге, салмағы 650 келіге жететін Байрақтар көрінбей кетті.
Арада бірнеше ай өткенде Bayraktar TB2 қайтадан сапқа оралған көрінеді. Өткен жексенбіде әлеуметтік желілерде, ғаламторда тараған видеороликтерде түрік беспилотниктерінің ұрыс салған мезеті бейнеленген. Оның бірінде түрік дроны ресейлік патрулдік катердің парша-паршасын шығарса, тағы бір бейнежазбада басқыншыны жабдықтауға жұмылдырылған жүк көлігін талқандады. Видеолар Украинаның оңтүстігінде түсірілгені белгілі болды.
Әсіресе, ресейлік КС-701 патрулдік катеріне тұтқиылдан шабуылдауы резонанс тудырды. Видеода оның қорқынышты көріністері егжей-тегжейлі көрсетілген. ТБ-2 беспилотнигі ресейлік теңізшілердің және солдаттардың жағалауда жүкті түсіріп жатқанын туу биіктен, ың-шыңсыз бақылады. Басқыншылар еш ызың естімегендіктен, бақылауға іліккенін сезбеді. Кенет дрон ұшырған зымыран катерге дөп тиіп жарылды және ондағылардың көзін жойды.
"ТБ-2 пилотсыз ұшатын аппараттарының Украинаның оңтүстігіндегі Ресей бақылауында қалған аумақтардың әуе кеңістігінде ұша бастауы екі жайттан хабар береді. Біріншіден, бұл тоғыз ай өткенде Киевтің төл ТБ-2 күштерін қалпына келтіре алғанын білдіреді. Соғыс қарсаңында Украинаның қолында шамамен 70 бірлік "Байрақтар" болатын. Оның көбі соғыс барысында жойылды. Екіншіден, бұл беспилотниктердің тосыннан қайтадан пайда болуы Украинаның оңтүстігін басып алған РФ әскерінің әуе қорғанысы күштерінің деградациясы тоқтаусыз жалғасып жатқанын аңғартады. Бұған Киевтің осымен төртінші айға кеткен контршабуылы ықпал етті. Украина жауынгерлері қос негізгі бағытта – Запорожье және Донецк облыстарында баяу, байыппен ілгері жылжып барады", – деген байлам жасады америкалық Forbes.
Америкалық сарапшы Дэвид Акстың (David Axe) пікірінше, Түркия өндіретін Bayraktar TB2 – былтыр өршіген Ресей–Украина соғысының символдарының біріне айналды.
"РФ кең ауқымды шапқыншылығының алғашқы күндері Украина қолындағы осы беспилотниктердің бір бөлігін үстемелете соққы жасау барысында жойып жіберді. Әуе және зымыран соққыларынан соң есін жиған Украинаның әскери-әуе күштері мен әскери-теңіз күштері аман қалған Байрақтарын Украинаның солтүстік, орталық және басқа бөліктерінде жауға тойтарыс беруге жұмылдырды. Орыс бригадалары сұрапыл қимылдап, Киевті құлатуға ұмтылды. Алайда олар ілгері жылжыған сайын агрессордың алғы шептегі және тылдағы әскерлеріне қалқан болған әуе қорғанысы жүйелері де әр жаққа бытырап, ыдырады, өзара байланысын жоғалтты. Олардың тоз-тоз болуын ТБ-2 операторлары өз орайына пайдаланды. Алдымен дрондар дұшпанның жападан жалғыз қалған ПВО жүйелерін шабуылдап, құртты. Салдарынан алғы шептегі ресейлік танк батальондары мен жабдықтаушы колонналары қорғансыз қалды", – дейді Дэвид Акс.
Нәтижесінде, соғыс басталған 24 ақпаннан наурыздың ортасына дейінгі аралықта ғана Байрақтар ресейлік "Бук", "Торс", "Панцир" және басқа кем дегенде 10 зениттік зымыран кешендерін құртқан.
Әскери техника жөніндегі эксперт Том Купердің жазуынша, түрік беспилотниктері арқасында ресейлік әуе қорғанысы жүйелерінен құтылған Украина армиясы Байрақтарды өзге де маңызды міндеттерді шешуге пайдалана бастады. Мысалы, олар оккупанттың тылына барлау жүргізді, қарсы шабуылдаған украиналық әскерге әуеден қолдау көрсетті.
Купердің айтуынша, әуе қорғанысынан айрылған, әр жаққа тарыдай шашыраған ресейлік техника мен әскери көліктер жеңіл олжаға айналды.
"Байрақтар жаудың зәресін ұшыратын. Киев түбінде олар Ресейдің көптеген бронды танкілік бөлімшелерін талқандады. Олар Украинаның оңтүстігінде, жау қоршаған Николаев облысында дұшпан әскеріне үстемелете соққы берді. Херсон әуежайына қуатты, нақты соққы жасады. ТБ-2 беспилотниктері оккупанттардың бірнеше маңызды штабын өз зымырандарымен күйретті. Мұның бәрі ресейліктердің құтын қашырды, тұра қашуына түрткі болды. ТБ-2 олардың жүйкесін әбден жұқартты. Байрақтардың шабуылы нәтижесінде бірнеше ғана көлігінен айрылғанына қарамастан, тұтас ресейлік батальондардың кері қарай зытқаны бейнеленген видеолар бар", – дейді Том Купер.
Артынша РФ армиясы түрік беспилотниктерін аулауға басымдық бере бастады. Соғыстың алғашқы айларында, майдан даласында кем дегенде оншақты ТБ-2 зымырандармен атып түсірілген. Түркиялық Bayraktar фирмасы олардың орнына жаңасын жеткізуге күш салды: ең кемі 35 бірлігі жеткізілген. Бұған қоса, Украина халқы және соған қолдау көрсеткен өзге елдер ерікті түрде жылу жинап, оған Байрақтар сатып алды.
Бұл ұшқышсыз ұшатын аппараттар қымбат тұрады: басқару аппаратурасымен, барлық жабдықтарымен қоса алғанда, ТБ-2 құны 100 миллион долларға дейін жетеді.
Сондықтан бертінде аса құнды Байрақтардың орнын арзанқол квадрокоптерлер басты.
Екіншіден, басқыншы Харьков облысын және Херсон облысының солтүстігін тастап шыққан соң майдан даласы біршама тұрақтанды. Украинаның қалған 4 облысында шоғырланған Ресей армиясы әуе қорғанысын күшейтті. Онда Байрақтар емін-еркін ұша алмай қалды, жиі атып түсірілетін.
Вашингтондағы CNA сарапшысы Сэмюэл Бендеттің мәліметінше, РФ әскері кем дегенде 24 бірлік ТБ-2 беспилотниктерін құлата алған. Ал бұл украиналық парктің үштен бір бөлігі болатын.
Түріктің осы
дроны радиоэлектронды күрес жүйелерін бейтараптандыратын модулдермен, сонымен қатар GPS-тен тәуелсіз, автономды навигация жүйесімен жарақтанған. Дегенмен, дұшпанның әуе қорғанысы жүйелері тым тығыз орналасқан ортада Байрақтардың босқа шығын болатынын түсінген Киев өткен жылдың соңында алғы шепте оларды қолдануды доғарды.
Содан бері ТБ-2 аппараттары барлау міндеттерімен айналысқан. Бұл оларды толық жойылудан сақтап қалды.
Бірақ халықаралық маркетплейстерде 5 мың доллардай ғана тұратын, "мавик" аталатын шағын дрондар жауға ірі шығын келтіре алмайды. FPV дрондарды басқару үшін оператордан дұшпан әскеріне тым жақын отыру талап етіледі, яғни басын бәйгеге тігеді.
Сондықтан жаудың алғы шебі мен тылына жойқын әрі үстемелете соққы беру үшін Киев қайтадан түрік "қырандарының" көмегіне жүгініп отыр.
Бұл ретте биылғы 4 маусымда басталған шабуылы барысында Украина жоғары дәлдікті зымырандар мен снарядтар арқылы қарсыласының әуе қорғанысы жүйесін біраз селдіретті. Бір ғана Оңтүстік майданда кем дегенде 13 ресейлік зениттік зымыран кешенінің ұшыру қондырғысы істен шығарылған. Бұл тек тәуелсіз сарапшылардың дәлелдей алғаны ғана. Осылайша, Байрақтардың еркін қалықтауына және шүйліге шабуылдауына қажетті жағдайлар түзіліп жатыр.
ТБ-2 күштерінің шабуыл операцияларының жаңғыруының себептері де осы көрінеді. Ендеше 2022 жылғы жағдай қайталануы, яғни алда жаудың шегінуінің мықты алғышарттарының "пісіп-жетілуі" де әбден мүмкін.