Тоқаев Алматыда көз жұмған полиция қызметкерлерін марапаттады
NewsRoom
Тоқаев Алматыда көз жұмған полиция қызметкерлерін марапаттады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қайтыс болған полиция қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар беру туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Төменде Мемлекет басшысының жарлығының мәтіні келтірілген.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін наградталсын:
ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен
Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) – ішкі істер министрлігі Алматы қаласының полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы;
ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен
Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) – ішкі істер министрлігі Алматы қаласының полиция департаменті патрульдік полиция полкінің полицейі.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 26 мамыр
№ 339
Еске салсақ, жол апаты 25 мамыр күні таңертең № 4 блокпоста болған. BMW жүргізушісі мас күйінде бетон қоршауға соғылып барып, инерциямен патрульдік полиция көлігін соққан. Соның кесірінен екі полиция қызметкері көз жұмды.
Үшінші полиция қызметкері жансақтау бөлімінде жатыр. Апатқа кінәлі жүргізуші бұрын полицияда 6 жыл жұмыс істеген.