Қытаймен визасыз режим кімге тиімді?
Қытаймен визасыз режим кімге тиімді?
Қазақстан Қытайға қылмыскерлерді ұстап беруде көмек көрсетуі мүмкін, деп хабарлайды newsroom.kz.
Депутаттар каникулдан оралып, ертең ресми түрде жұмысқа кіріседі. Жаңа сессияда көтерілетін мәселе де, қаралатын заң жобалары да аз емес. Соның бірі әрі ауқымдысы Қытаймен арадағы келісімдерге қатысты. Яғни шың елімен жасалатын бірқатар шарт пен хаттама Парламенттің мақұлдауынан өтуі тиіс. Алайда кей сарапшылар бұл мәселеге терең бойламай, депутаттар құжатты тез-ақ қабылдап жіберетініне күмәнданбаймыз, деп отыр.
Парламенттің жаңа сессиясында халық арасында секем туғызған өте шетін мәселе қаралады. Бұл жоғарыда айтқандай Қытаймен арадағы келісімге қатысты. Қатып қалған сеңнің көбесі былтырдан бері жіпси бастады. Турасын айтсақ жіпсітіп бақты. Алдымен қытайларға қазақ жеріне кіруге 14 күн рұқсат берілді. Енді визасыз режим енгізіліп жатыр. Қос мемлекет осыған қатысты тиісті келісімге қол қойды. Енді Парламент қарауына тапсырады. Депутаттар жұмысқа кіріспей жатып, әлден қолдап отыр.
"Қытай - біздің мұхитымыз. Қытай бізден барлығын сатып ала алады және барлығын бізге сатады. Яғни, сіз бизнес ашсаңыз, Қытай - сізге кәдімгідей өмір сүруге көмектесетін мемлекет. Қытайдың шекарасын пайдаланбау, менің ойымша, тарихтың алдында үлкен қателік. Көптеген мемлекеттер Қытаймен шектескісі келеді. Бірақ шекара оларға бұйырмаған. Ал біз бар нәрсені пайдаланбаймыз", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза.
"Бұл - туризм және бизнеске ғана арналған виза. Ешкім бұл виза арқылы мемлекетке келіп, жұмыс жасап деген сияқты немесе осы жерде қалып қоюға ешқандай мүмкіндігі болмайды. Бұл жерде егер де миграциялық қызмет құқық қорғау органдары тиімді жұмыс жасайтын болса, ол проблема болмайды деп өзім есептеймін", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.Құжат бойынша Шың елінің азаматтары туризм, ем қабылдау, іскерлік және консультациялық қызметтер көрсету үшін келіп, 30 күн емін-еркін жүре алады. Бұл режимді Қытайға барғысы келетін қазақстандықтар да пайдалана алады. Бірақ бұл келісім қандастар мәселесін шешпейді. Әрі Атамекенге ат басын бұруға қолдан кедергі жасаушылар көп екен. Кей депутаттар осы мәселені күн тәртібіне шығармақшы.
"Қытай азаматтарын байқайсыз ба, бізге көптеп келіп жатыр. Ал неге қазақ өкілдеріне виза берілмей тұр. Сол сұрақ мені мазалайды. Қытайдағы қазақ қандастарымызға виза алудың көп екендігі ол жерде қандай да бір кедергілердің бар екені осы кедергілердің не екенін әріптестеріміз тағы анықтап жатыр екен. Толықтай шешеді деп айтсам өтірік болар. Бірақ бір деңгейге жеткізеді ау деген ойдамын", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау.Ресми статистикаға көз жүгіртсек, былтыр 8 айда 8 мың қытайлық турист келсе, биыл 35 мыңға жетті. Егер жыл соңына дейін визасыз режим енгізілсе, саяхаттаушылардың нөпірі қалың болайын деп тұр.
"Олардың басты бағыттары - Алматы, Алматы облысы, Жетісу облысы. Қаланың туристік нысандарына, ойын сауық орталықтарына баруды, шоппинг жасауды қатты ұнатады. Олардың турлары шамамен бір аптаға дейін созылады. Жалпы демалысқа мың жарым доллар жұмсайды екен", - дейді "Қазақ туризм" ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Ернұр Кенжебеков.
"Келгеннен кейін турист па турист. Іскер азамат па іскер азамат. Өзінің ауқымында жұмысын істеп дұрыс қайту керек. Ютубта, басқа да әлеуметтік желілерде сондай насихаттарын таратып жатыр. Бұл біздің жеріміз дейді. Келген екі қытайдың бірі соны айтады. Мемлекеттік тұтастығымызға залал жеткізетін азаматтарға тыйым салу керек немесе оларды шекарадан кіргізбеу керек. Біздің азаматтарымыз ол жерге барғанда қыздан зият болып жүреді. Көлеңкесінен қорқып жүреді. Ал олар келіп емін еркін жүреді және ауызына келгенін айтады. Бұған тыйдау салу керек", - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зекенұлы.Профессор Тұрсынхан Зекенұлы визасыз режимге қарсы. Сөзінше, бізде заң Қытайдағы сияқты қатты емес. Әрі депутаттар мәселеге терең бойламай, үстірт қарайды,- деп отыр.
"Заң тастай болуы керек. Олардан әртүрлі тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да қауіп бар. Қытай компаниялары біздің елімізге келгенде өз азаматтарына айлық таратпайды. Айлықты үшінші бір елдің банктерінен алады. Сосын біздің азаматтарды жұмысқа алған кезде контракті жасаспайды. Қара жұмысқа ғана алады. Моралына, құқықтық жағынан жан жақты біздің азаматтарымызға өте төмен деңгейде мәміле жасайды. Осының бәрін заңмен реттеу керек қой", - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зекенұлы.Визасыз режимнің енгізілуін асыға күтіп жүрген депутаттар аз емес. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бұл туралы жиі сұхбат беріп, пост та жариялап жүр. Сөзінше бұл келісімнің пайдасы көп. Сондықтан қалың қытайдан қорқудың еш қажеті жоқ деп елді сабырға шақырғандай болды.
"Визасыз режимді енгізгеннен кейін, шетел азаматтарына Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі мен Еңбек министрлігінің Көші-қон комитеті бақылауды күшейту жұмыстарын жүргізуді қолға алып отыр. Бұл үшін барлық заңнамалық құралдар пайдаланылады. Қажет жағдайда біз, Парламент депутаттары осы саладағы заңнаманы қатаңдатуға әзірміз", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан.Екі ел арасындағы келісімдер мұнымен бітпейді. Қазақстан Қытайға қылмыскерлерді ұстап беруге көмек көрсетуі мүмкін. Бұған қатысты заң жобасын Парламентке Әділет министрі Азамат Есқараев алып кіреді. Нақтыласам, 1993 жылдың 14 қаңтардағы 2 ел арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау қажет. Жалпы Қытай тақырыбы жаңа сессияның күн тәртібінен түспейтін сияқты.