Жаңалықтар

Әкімнің баспасөз хатшысы: кімді танисыз?

Әкімнің баспасөз хатшысы: кімді танисыз?

  Қыркүйек айының бірі күні Жолдау болады. Қ.Тоқаев не айтады, мемлекетті қандай бағытқа бұрады, әлеуметтік мәселе мен ұшып бара жатқан инфляцияны тоқтама деген сауал көпті алаңдатуда. Соның ішінде жұртшылық арасында һәм түрлі анонимді телеграм арналарда Үкімет отставкаға (қазақшасы – доғарыс екен) кетеді, облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдері ауысуы мүмкін деген жаңалық желдей есуде. Осыған орай, newsroom.kz порталы әкімдерге оның ішінде әкім имиджі мен қоғам алдындағы беделіне жауапты – баспасөз хатшылары жайлы жазбақ. 20 әкімдіктің 20 баспасөз хатшысына тоқталып, материалдар сериясының соңында, оқырмандар дауысына салып, «Әкімдіктің ең үздік баспасөз хатшысы» номинациясын тапсырмақ.  width=

  1. Астана қаласы

Елорда әкімдігінің баспасөз хатшысы лауазымын 2019 жылдың 29 шілдесінен бастап кәсіби журналист Ақмарал Олжабаева атқарады. Бұл лауазымға тағайындалған күні әлеуметтік желіде арнайы пост жазып, өзінің жеке нөмірін жариялаған оның журналистер мен БАҚ өкілдері арасындағы абыройы мен белсенділігін мойындау қажет. Одан бөлек, Батыс Қазақстан облысының әкімдігінен Астанаға ауысып келген Алтай Күлгіновпен қызметін бастаған А.Олжабаева Қарағанды облысы әкімдігінен елордаға ауысқан Жеңіс Қасымбекпен де тіл табысып жақсы жұмыс істеп келеді. Астаналық журналистердің айтуынша Ақмарал Олжабаева жедел ақпарат таратудың шебері және әлеуметтік желілердегі түрлі сауалдар мен сұрақтарға уақытында жауап беріп отырады екен. Биыл елорда әкімдігінің баспасөз қызметін басқарғанына 4 жыл толып отырған оның фейсбук әлеуметтік желісінде 4 мыңға жуық жазылушысы және 5 мыңға жуық досы бар. Қазақстан секілді халқы аз ел үшін әжептеуір көрсеткіш. Инстаграм желісіне 3 мың оқырман жазылған А.Олжабаева өзінің журналистік жолында «Казконтент» АҚ қарасты bnews.kz ақпарат агенттігінде Бас редактор және «Еуразия» бірінші арнасының тілшісі болған.

  1. Алматы

Әлеуметтік желіде күн сайын бір видеосы жарияланатын және Алматы секілді халқы сайлауға аз баратын мегаполис әкімінің баспасөз хатшысы болу оңай емес. Дәп қазіргі сәтте әкімдіктің ресми сайтына кіріп, баспасөз қызметін шолсаңыз, вакансия деп тұр. Сілтемесі: https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/about/structure/departments/leadership/11985/1?lang=kk Жұмыс істеген баспасөз саласының мамандарының құлағына «алтын сырға» деуге болады... Е.Досаевқа дейін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметін Әсет Мұқажанов Алматы қаласы әкімінің ресми өкілі, Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі лауазымында атқарды. Қоғаммен байланыс және БАҚ саласы мамандарының айтуынша, Ерболат Досаевтың баспасөз қызметін бұрын ҚР Ұлттық банктің қоғаммен байланыс саласында бірге жұмыс істеген әріптестері жүргізуі мүмкін... Бірақ ресми түрде қоғам мен БАҚ алдына шықпаған соң нақты аты-жөндерін айтудан бас тартты. Үнемі жұрт алдына тек өзі шығып, халықпен сөйлесіп, түрлі дискуссияға түсіп жататын Досаевқа коммуникациясы мен харизмасы жеткілікті баспасөз хатшы артықтық етпейтін сияқты?  width=

  1. Шымкент

4 жыл бұрын республикалық қала статусын алған Шымкент қаласының әкімі – Мұрат Әйтенов те сол жылы тағайындалды. 2019 жылдың тамыз айында әкімнің баспасөз хатшысы болып тағайындалған журналист Еркеғали Балажан қысқа уақыт әкім болған Ерлан Айтахановпен бір тандемде жұмыс істеді. Әкім мен баспасөз хатшысы әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеп, желі қолданушыларына үнемі кері байланысқа шығып отыратыны анық байқалатын. М.Әйтенов әкімдікке тағайындалған соң, қазан айында Шымшаһар билігінің баспасөз қызметін ұстаған Бекен Қоныс дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік желіде қатар жұмыс істеді. Сол уақыттарда құрылыс саласына қатысты қала белсенділерімен болған дау-дамайларда негативтерге тап болса да салқын қанды жұмыс істеген оның кәсібилігін айту қажет. Бүгінде ол ҚР Ақпарат министрлігіне қарасты «Қазконтент» АҚ төраға орынбасарлығын өткен жылдың ақпан айынан атқаруда. Қазіргі кезде үшінші мегаполис әкімдігінің баспасөзіне кім жетекшілік ететіні белгісіз. Әкімдіктің ресми сайтына кірсеңіз, баспасөз бөлімі деген парақшаны да таппайсыз. Сенбесеңіз, тексеріп көріңіз: https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/about/structure/16/1?lang=kk М.Әйтеновты мойындау керек негативке мойымайтын әкім. Бұл тұрғыдан оған әзір тең келетін әкім елде сірә жоқ, шығар? Бірақ жуырда ғана орынбасары «жемқорлық жасады» деген күдікпен ұсталған оның осы күзден кейінгі саяси карьерасы жалғаса ма, деген сұрақ туады. Егер жалғастырып жатса, Е.Досаев секілді оған да өз саласын білетін және қоғам назары мен БАҚ өкілдеріне қасқайып коммуникация жасайтын маманның керек екені рас-ақ... Фото: жасанды интеллект қазақстандық баспасөз хатшыларды осылай көреді екен. Жалғасы бар Қоңырақын ҚЫБЫРАЙ