Жаңалықтар

Астанада білікті дәрігер Иван Лидің есімі ұлықталды

  Оның есімін отандық медицинадағы күллі қауым білетін. Пандемияға қарсы күресте өмірін берген дәрігер, кәсіби маман, ең бірінші мықты да мейірімді азамат Иван Ли Иванович елорданың ғана емес, ел медицинасының дамуына ерен еңбек етті. 2020 жылы адамзатты жалмаған дерт – коронавирустан қайтыс болған Иван Ли тұрған үйге Астанада ескерткіш тақта ашылды деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. Аталмыш шараға ҚР ДСМ, елорда әкімдігінің өкілдері, Иван Ивановичтің бұрынғы әріптестері мен туыстары қатысқан. «Біз Иван Ивановичпен көп жұмыс істедік, көптеген жарқын идеялар болды, Құдай қаласа, бәрін де жүзеге асырамыз. Бір кездері ол осы аурухананы жеткілікті жоғары деңгейге шығарды. Меніңше, өзінің бастамалары жалғасып, тиісті деңгейде дамып жатқанына қуанышты болар еді. Құрметті әріптес, өз ісінің кәсіби маманы, ең алдымен асыл азамат Иван Иванович әрқашан адамзатқа, өз кәсібіне деген сүйіспеншіліктің керемет үлгісі болған және болып қала береді», - деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.  width= Пандемия кезінде №2 қалалық көпбейінді аурухана алғашқылардың бірі болып Covid-19-ға қарсы күресте орасан зор жауапкершілікті өз мойнына алды, сол кездегі бас дәрігер Иван Ивановичтің бастамасымен Covid-19-ға алғашқы мобильді талдау пункттері ұйымдастырылды. Сондай-ақ оның талантты басшылығымен елімізде алғаш рет 2018 жылдың қыркүйек - қараша айларында екі ірі стационарды: № 2 қалалық аурухананы Астана қаласының №1 перинаталдық орталығымен біріктіру рәсімі сәтті жүзеге асырылған еді. № 2 ҚКА бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев Иван Ивановичті еске алуға қатысқан адамдардың санының көптігін және осы клиниканың жұмысына сіңген ерен еңбегін ерекше атап өтті. Иван Ивановичтің өзі медициналық мансабын ең төменгі деңгейден, санитар қызметінен бастаған. Оның басшылығымен аурухана алғашқылардың бірі болып алдыңғы қатарда күрескен, пандемияда адамдардың өміріне алаңдап жүріп, өзі өмірден озды. Бұл мемориалдық тақта дәрігерге деген зор құрметтің бір бөлігі ғана, шексіз ризашылығымызды толықтай жеткізу мүмкін емес деген әріптестері білікті дәрігер, кәсіби әріптестерінің өмірлерінде із қалдырған кейбір сәттерін еске алды.

NEWSROOM AQPARAT