Жаңалықтар

Елордалықтарға көші-қон мәселесі айтылды. Нәтиже бола ма?

Елордалықтарға көші-қон мәселесі айтылды. Нәтиже бола ма?

Жуырда Астанамызда жалпы қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен. Оған 50-ге жуық жұмыс беруші қатысыпты. Іс-шара барысында келушілерге көрші өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігі туралы түсіндірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. Елордадағы еңбек мобильділігі орталығында азаматтарға Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Павлодар облыстарына қоныс аудару бойынша кеңес берген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы Әділетті мемлекет. «Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» - деп айтқан болатын. Әкімдік таратқан мәліметке сүйенсек, «жәрмеңкенің ерекшелігі – оған ел өңірлерінен жұмыс берушілер қатысады, олар өз салаларына жұмысқа орналасу арқылы көшу бағдарламасын ұсынады. Бағдарлама өңірлерге көшкендерге материалдық көмек көрсетуге бағытталған». Мәселен, солтүстікке және орталық өңірлерге көш барысында 4 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға ақшалай қаражат, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне 241.500 теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындары мен 5 аймақтан тұратын мемлекеттік сектор түрлі бос жұмыс орындарын ұсынады. Осы орайда, newsroom.kz тілшісі елордаға оңтүстік өңірдің Жетісай ауданынан келген Нұрлан есімді азаматпен тілдесті. «Астанаға келгеніме он жылдан асты. Бірақ әлі күнге баспанам жоқ. Несие деген тау болып үйіліп тұр. Оны төлеу үшін күніге такси болып ақша табамын. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, солтүстік өңірлерге көшетін шығармын. Бірақ күн райының қолайсыздығы ғана отбасымызға қолбайлау» деген ол бұл өте жақсы мүмкіндік екенін айтты. Елорда әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар: «Оқу орнын жаңа бітірген жастарды уақытын жоғалтпауға және 12 айға дейінгі мерзімге «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасу үшін мансап орталығына жүгінуге шақырғым келеді. Оларға мансап орталығы жалақы төлейді. Қазіргі уақытта жүзден астам жұмыс беруші түрлі мамандықтар бойынша 1000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынады. Үлкен таңдау бар. Жас мамандарға ұсынатын көп нәрсе бар. Егер олар жұмыс орнында ерекше көзге түссе, бірінші айдан бастап оларды тұрақты жұмыс орнына қабылдауға болады», - деді. Айта кету керек, өңіраралық қоныс аудару кезінде мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды: 1) көшуге материалдық көмек көрсету; Бағдарламаға қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ жалғызбасты адамдарға отбасылық жағдайына қарамастан, көшуге материалдық көмек көрсетіледі – бір уақытта отағасы мен отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241 500 теңге) мөлшерінде. 2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу; Бағдарламаға қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбасты отбасыларға тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығындарды өтеуге – ай сайын, он екі ай ішінде мынадай мөлшерде: ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін: - бір адам үшін 15 АЕК (51 750 теңге) мөлшерінде; - отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болғанда 18 АЕК (62 100 теңге); - отбасы мүшелерінің саны бес және одан да көп болғанда 21 АЕК (72 450 теңге) мөлшерінде. 3) экономикалық мобильділік сертификаттарын беру – тұрғын үй сатып алу, салу үшін ақшалай төлем немесе тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна нысанындағы материалдық көмек. Экономикалық мобильділік сертификаты қандастар мен қоныс аударушыларға тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алу кезінде беріледі. Оны отбасыға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде береді, бірақ 4 млн теңгеден аспайды екен. Әділет БЕКБОЛАТҰЛЫ