Пригожиннің ұшағы қонуға 30 секунд қалғанға дейін алаңсыз ұшқан тәрізді
Пригожиннің ұшағы қонуға 30 секунд қалғанға дейін алаңсыз ұшқан тәрізді
Бұл апаттан 10 адам қаза тапты. Қаза тапқандар тізімінде "Вагнердің" жетекшісі де бар, деп хабарлайды newsroom.kz.
Ресей билігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні кешке Мәскеудің солтүстігіне құлаған ұшақта Евгений Пригожин болған.
"Вагнер" жалдамалы тобының жетекшісі және өзін-өзі армия басшылығының жауы деп жариялаған Пригожиннің тағдыры туралы Кремльден де, Қорғаныс министрлігінен де ресми түсініктеме берілген жоқ.
"Вагнермен" байланыстағы Telegram арналардың бірі Gray Zone Пригожиннің қайтыс болғанын жариялап, оны "Ресейге сатқындық жасаушылардың" қолынан қаза тапқан қаһарман және патриот деп атады.
Кейбіреулер бұл оқиға үшін Ресей мемлекетіне кінә тақса, өзгелері бүгін тәуелсіздік күнін атап өтетін Украинаны айыптап отыр.
"Вагнердің" Санкт-Петербургтегі кеңселері орналасқан ғимарат болса, қараңғы түскенде терезелерін құрмет пен аза тұтудың белгісі ретінде алып крестпен жарықтандырды.
Пригожиннің өлімі маусымда армия жетекшілеріне қарсы нәтижесіз қарулы көтеріліс жасап, президент Владимир Путиннің қаһарына ұшыраған "Вагнер" тобын лидерсіз қалдырады және оның Африка мен басқа жерлердегі болашақ операцияларына қатысты сұрақтар туындатайын деп отыр.
Апаттың артында кім немесе не тұрса да, Пригожиннің ажалы Путинді Ресей билігіне ең үлкен қауіп төндірген адамнан арылтады.
Бортта "Вагнердің" тағы бір жетекшісі болған
"Росавиация" құлаған ұшақ бортындағы барлық 10 адамның аты-жөнін жариялады. Сол тізімде Пригожиннің оң қолы және осы жалдамалы топты құруға көмектескен Дмитрий Уткиннің есімі де бар. Ресейлік тергеушілер апаттың себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеп отыр. Кейбір ақпарат құралдары ұшақтың "жер-әуе" зымырандарымен атып түсірілгенін айтады. Алайда бұл дерек әзірге расталған жоқ. Мәскеуден Санкт-Петербургке бет алған әуе машинасы Тверь облысындағы Куженкино ауылының маңына құлады, деп хабарлайды Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі.Байден таңқалмады
"Мен не болғанын нақты білмеймін. Бірақ таңқалмаймын ... Дегенмен, бұл сауалға жауап беретіндей көп жайтты білмеймін", - дейді АҚШ президенті Джо Байден.Ресей үкіметі "шетелдік агенттер" қатарына қосқан және бұрын Путиннің спичрайтері болған Аббас Галлямов апаттың артында келесі жылы тағы бір мерзімге сайлануды көздеп отырған адамның тұрғанын айтып, сол адамның осы апат нәтижесінде билігін нығайтқанын атап өтті.
"Биліктің енді Путинге қарсы тұру мүмкін еместігіне көзі жетті. Бүгінде Путин жеткілікті күшке ие және кек алуға қабілетті", - деп жазды Галлямов өзінің Telegram-арнасында.Ресейде көп жылдық тәжірибесі бар бизнесмен және Кремльдің тағы бір сыншысы Билл Браудер бұл пікірді қолдап отыр.
"Путин ешқашан кешірмейді және ұмытпайды. Бүліктен кейін ол қорланған осал адам сияқты көрінген еді. Ал мына жағдай оның беделін нығайтатын болды", - дейді Браудер бұрын Twitter деп аталған X –тегі парақшасында.